Бір ғұмыр...
«Жетісудағы жеті-ақ арудың бірі һәм бірегейі – Мақпалға...»
Серік Ақсұңқарұлының қолтаңбасынан.
Керуенімнің көшін бастап жыр үлек,
Өміріме өлең болды құдірет.
Арқа мені Ақсұңқар боп қарсы алды,
Жетісуда жеті арудың бірі деп.
Сол сөзіңе елеңдеді елік қыз,
Ақсұңқарға серік болған Серіксіз.
Аспандағы жеті жұлдыз секілді,
Жетісудан жеті-ақ ару көріпсіз.
Өзегінен өрілетін өлеңі,
Сіз бір жүйрік сол өлкенің өрені.
Жетісуда жеті арудың біреуін
Серік ақын ұрлап кеткен деп еді.
Жастығыңның сөнбегенде шамы әлі,
Қараөлеңнің мөлдіреді жанары.
Ақын болып аялады аруды
Сағым ұшқан Сарыарқаның самалы.
Қайығыңды тербегесін қайран мұң,
Ерке Ертістің толқынынан айналдым.
Қабағымнан бара жатты сырғанап,
Қара түнде қара шашын жайған мұң.
Бір топ ақын...
Ақ қанатты құстармыз,
Құс болған соң биіктерге құштармыз.
Ақсұңқардың баласына ілесіп,
Сарыарқада қанат байлап ұшқанбыз.
Арай құшса арманыңның асқарын,
Бақыт деген түсінгенге қас-қағым.
Иса, Майра, Естайлардың арманын
Керекудң керіп тұрды аспанын.
Керекудің керім түні келіскен,
Зәм-зәміңнен мен де ішейін сен де ішкен.
Сарыарқаның самғап ұшты көгіне
Қайран менің ақ қанатты періштем!
Жыр оқысақ аулақ қашты мұңды ызғар,
Төбемізден жауып жатты жұлдыздар.
Жетісулық жеті арудың біреуі –
Арасында Мақпал атты бір қыз бар...
Жыр оқысақ жанымызға шер тұнды,
Жауын жауды, дауыл соқты, жел тұрды.
Аялады Арқа түні біздерді,
Мына біз де аяладық сол түнді.
Бақыт бізге қол бұлғаған кеште анық,
Шалқыдық та, шабыттандық төс қағып.
Серік ағам мені көріп сергіді
Жетісулық жеті аруды еске алып.
Орағанда Арқадағы түнді нұр,
Арман айтты арайлы қыз, мұңлық ұл.
Сағынышым сағым белден әрі асып,
Көз алдымда көлбеп жатты бір ғұмыр...