11.08.2022
  75


Автор: Балта Қосбармақ

Тұтам тірлік таразыға тартыларда...

Тұтам тірлік таразыға тартыларда
Артық-кемі ұлыңның айтыларда


Жерге қарап қалмасаң, риза бол –
Жаман хабар жатпайды жарты жолда.
Саған бақыт –
Білсең де күйрегенін,
Көрмей кетсең қиралаң-кирелеңін.
Маған бақыт –
Өлгенін көрсең-дағы,
Шарасызын ұлыңның білмегенің.
Еншім емес ерен күш, дара көрік,
Керек те емес құндыздан жаға, бөрік.
Маған Бақыт –
Майраң мен Баяныңа
Жүрсем ғана алдыңда аға болып.
Маған Бақыт –
Әке, сен жұмсағанда
Күндік жерге жүрмесем ара қонып.
Бәрібір аз қаншама төлесе де,
Болсын ұлың Бақытты –
Борыш, парыз перзенттік төк еселеп.
Маған Бақыт –
Жарыма Батыр, Абзал
Таныстырса қыздарын «жеңешелеп».
Бірге өссек те, Күләшті «апа» деймін,
«Тату бол!» деп таусылмас бата бердің.
Жарылмай қап бақыттан тасқындаған,
Мойыныңа асылып,
«Папа!» деймін...
25.05.1981 жыл.





Пікір жазу