Мұңлықтар жыры...
Белестер туады екен белестерден,
Құралып өмір әркез елестерден.
Жолықтырып ойда жоқ екеумізді
Бұл тағдыр нені біліп, нені ескерген?
Жанардан жас боп жылдар жылжып еді,
Жұбатып жазмышымның түнгі лебі.
Жалғыз деуші ем өзімді, сен де жалғыз,
Көздерің неткен, жаным, мұңлы еді?
Жастығымды жапырақ желге қидым,
Басымды пендеге емес, жерге идім.
Өртеніп өзектегі өз отыңа
Сен де күйген екенсің,
мен де күйдім...
Сүйгенім мен күйгенім кеше менің,
Жапырақ қып жүректі төсегенім...
О тағдыр! Жолықтырып қос мұңлықты
Мұң азабын келді ме еселегің?
Кезегімен күн қуып түн ағасың,
Жалғыздардың сырына тына қалсын,
Дедің бе екен жүрегі шыдай алмай,
Өксіп-өксіп мына аспан жылап алсын...
Арды сүйген көңілі, емген үміт,
Жолдарының тамырын келген ұғып.
Тағдыр нені меңзеді, біле алмадым,
Сен де мұңлық,
жаным-ай,
мен де мұңлық...