11.08.2022
  163


Автор: Мақпал Мыса

Күзгі әуендер

 


Құстар қайтып барады түстігіне,


Өлеңіммен саз қостым құс тіліне.


Сары күзде сарғайтқан жапырақты


Мендік жалқы жүректің ыстығы де,


Құстар қайтып барады түстігіне...


Тәңіртаудың талықсып таңғы етегі,


Жабырқаған жанымды жарлы етеді.


Саздар ұшқан айдыннан қаздар ұшса,


Оның дағы сағынар бар мекені.


Тәңіртаудың талықсып таңғы етегі...


Қара таппай тұратын ұрынарға,


Бұл тағдырдың беймәлім сыры бар ма?


Бақыт деген сыймайды алақанға,


Уақыт деген ұқсайды зымыранға.


Тәңіртауға қарасам күнес көрдім,


Етегінде шалғынмен бір өскенмін.


Қайтқан қаздың барады қанатында


Сағынышым сағымға ілескен күн.


Тәңіртауға қарасам күнес көрдім...


***


Осы күздің боларын


Өткенде білдім,


Көктемде білдім, жан құрбым.


Мен онда көк белде тұрдым,


Өткелде тұрдым,


Жазуы шығар тағдырдың...


Мен онда


Бұлақтың көзінен жыр оқып,


Тау етегіне гүл ектім.


Күмбір көңілдің күйін түлетіп,


Қалауы шығар жүректің...


Жасылым көшсе,


Ішім бос,


Қырларым қайда гүлдеген?


Көктемнің сырын түсінбес –


Күздің боларын білмеген...


***


Күзім менің,


Сарғайған сағымдардың ізінде мұң.


Сабағынан жапырақ үзілгенін,


Тырналардың мен көрдім тізілгенін,


Күзім менің!


Сенбі күні,


Тағдырым не айтады ендігіні,


Жанымның күй тартады шерлі мұңы,


Қараша, желтоқсанның желді күні...


Төбемде ай,


Қарайлай қоймайтындай төмен қарай,


Өзекті жарып шыққан өлеңде арай,


Білмеймін келем қалай?


Далада күз,


Біздерден де бір күні қалар аңыз,


Сағынышқа айналар самаламыз,


Сенен жақын өзіне таба ма қыз,


Сары ала күз?!.


Қордай асуы.


Желтоқсан...


Сәті туса сапардың бақ табар ем,


Аппақ дүние,


Аппақ қар,


Аппақ әлем...


Асуынан Қордайдың мені асырар,


Ақ әлемге қанатын қаққан өлең.


Дүбір іздеп дүлдүлім таң асқасын,


Ақ дүниеде белгілі адаспасым...


Айыр қалпақ ағайын қарсы алады,


Асу бермес Қордайдан ары асқасын.


Сапар басы үкілі үміттейін,


Мақтарсыңдар жырымды ұғып кейін...


Асу бермей алдымда Қордай жатыр,


Ақ түтегі түтілген түбіттейін.


Көліне жыр сыйласам,


Көгіне нұр,


Ақ дүниенің атауы –


Өмір – Өмір...


Қалпағының түсіндей көңілі бар,


Сәлем берсем деп едім еліңе бір!


Шығып жатқан жайым жоқ күнде асуға,


Қырғыз доспен ойым бар сырласуға.


Хантәңірдің қызы едім хан сыйлаған,


Қайран Қордай асуы,


мінбе ашуға!


Бастап кетсең болады, думан, қырғыз,


Аман-есен өткен соң Шудан бұл қыз!


Оң жағымнан айымды туғызарсың,


Айтматов Шыңғысты туған қырғыз.


Ырға қосса ырымдап шырқап бәрі,


Тірлігінің басылар бұрқақтары.


Ақын қызын қазақтың аяласын,


Маң мінезді Манастың ұрпақтары!


Теңгермейтін текті едің жұлдызды Айға,


Бұрқасындар мойныңды бұрғызбай ма?


Қордай асу!


Қойсаңшы ашуланбай –


Бұл қыз қайда,


дүние-ай,


қырғыз қайда?!





Пікір жазу