11.08.2022
  126


Автор: Мақпал Мыса

Бір өлең...

 


Шарасына шуағы толған айдың,


Қуанышым бола біл,


болма қайғым!


Аясында Аспантау аяулы әнім,


Қырдан асып барады жорғалай күн.


Құстар ертіп таңұзақ құба белден,


Шабысыма сабылып бұлақ ерген.


Маңдайыма тағдырдың жазғаны бар,


Жаны жырға ғашық боп туа келген.


Шуаққа орап жанымды жырға ғашық,


Қайран күндер барады қырдан асып.


Толқындарым толқитын кезді күттім –


Тамып түсер тамызда жылғаға шық.


Шыңдарына шарқ ұрып қарай бердім,


Тамашасын таң қылып талай көлдің.


Бәрі осының айналған аясына


Жырларымның көзінен арай көрдім.


Жырларымның көзінен арай көрем,


Таңын сыйлар тағдырым талай белең.


Өмір жайлы...


Бір өлең бастап қойып,


Аяқтағым келмей жүр қалайда мен...





Пікір жазу