10.08.2022
  252


Қанатбек ПОШАТАЙҰЛЫ

САХАРА ҒҰЛАМАСЫ

– «Сахара» ғұламасы атауының шығуына тоқтала кетсек. Кейбір жылдары (1967 шамасы) қар қалың жауып, (Абай колхозы) біздің шаруашылыққа шөп жетпей қалу қауіпі сезіле бастаған соң (бүкіл Төс елі болуы керек.) Сыр бойына колхоз жылқыларын айдағанын жұрт біледі.
Жылқыны Қасым Беков, Есенбек Намазбаев т.б. жылқышылар айдап кетеді.
Жылқы аман-есен қыстан шығады, бір бас малда шығын болмайды. Бұл оқиғаны Қасым ағамыз және Есенбек ағамыз былай деп еске алады.
– Жылқыны қамыстың арасына кіргіздік. Аш жылқы тапжылмай қамыс арасында тұра қалды. Құрғақ нанмен құрт жеп келген біздер ыстық тамақ ішуге алыстан көрінген үйге барып құдайы қонақпыз- дедік. Олар да есіткен екен, Келіңдер,- деп аттан біздерді түсіріп,  күтті.
Маңдай жіпсіген соң жөн сұраса бастадық: Біз, Сайрамсу бойындағы Қарсора ауылынанбыз дегенде, үй иесі жұлып алғандай: – «Бекасыл әулиені білесің бе?» - деп қарсы сұрақ қойды.
– Мен ол кісіге шөпшек болып келемін, дедім. Ай- шайға қарамай: «Ой, айналайын, әулиенің тұқымы екенсің ғой» деп, аяғыма басын қойып сүйе бастады. Бір таң «Қоңырат» елініне бабамыздың жасаған жақсылығын айтып тауыса алмады. (Бұл жайды Әбілдәбек ағамыз менен гөрі жақсы біледі. Жылқы аман оралды)
Осы әңгіменің әсерінен «Сахара ғұламасы» деген атпен 1991 жылы 3 тамызда Оңтүстік Қазақстан газетіне мақала жаздым. Бізден бұрын Кеңестің қызыл дәуірінде өз басынан қорықпай бабам туралы мақала жазған қаламдастарым А.Иманалиевке, Елтай Боранбаевқа алғысым шексіз. Өлгендеріне Алла иман берсін. Тірілеріне бақ, береке берсін.
Баба еңбектерін жарыққа шығаруға көп қолғабыс көрсеткен қайырымды журналист бауырларыма алғысым шексіз. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Кәрім Үкібаевқа, Өтепберген Есенбаевқа Алланың нұры жаусын! Басқаны қайдам, баурым Шардарбек екеуміз тырнақ, шаш алуды, әр айдың тоғысы күні жолға шықпауды бойымызға сіңірген жандармыз. Ай мен жұлдызбен тоғысуы өте қауіпті болғандықтан әкем жұлдызды (кіші аю) (үлкен аю) Жеті қарақшы, Темірқазық, Жарық жұлдыз, Есекқырған т.б.көп., Бекасылдың салиқалы ісін жалғастырумен өз өмірін соған арнай отырып, өзіне түскен қаражатты Түгелбай, Данай зиялы қауымынан түскен қаражатпен ауыл ортасындағы ата-баба қорымын қоршатты. Мешіт салды. Қожабек ұрпағы мен Түгелбай-Данай  ұрпақтары жатқан қорымға өз қалтасынан қаражат қосып, «Мыңшейіт» әулиені қоршады. Мені екі жыл жұмысқа жібермей, «Мыңшейіт» әулиеге екі шырақшы үйін салдырды. 1016 метр айналымы бар мазаратты қоршатты. Шарбақты қоршауға керекті материалдар әперіп көмектескен және жеткізуге қол ұшын берген Амалбек Тышанов ініме Алланың нұры жаусын. 1016 метр ергенек шарбақты бір қыс бойы дәнекерлеп қолғабыс еткен Қалабаев Райымбекке, Ақмолдаев Жамалға, Әлсейітов Орынбасарға Алланың нұры жаусын. Иманды болсын. Әкем төрт ай айлығын төлеп тұрды. Қорыта айтқанда:
Мединада – Мұхаммед Түркістанда – Қожа Ахмет Маңғыстауда – пір Бекет Ақтөбеде – Ер Есет
Ердің ері – Есет батыр Пірдің пірі – Бекет
Білімнің пірі – Бекасыл Хазрет.
1. Мектепке атын беру туралы – 292 қол жиналып, 2001 жылы ас берілді.
2. Әкем Пошатай, Әбу Әли Ибин Синаның Бекасыл аудармасын құныға тыңдап, оқып өстім. Сол мамандық болып қалды, - деп отыратын.
Әкем айтатын еді: ілгеріде Сыр бойынан есі ауысып, ішіне жын кірген бір қызды Молжәкеме емдетуге әкелді. Сәлем беріп, түйеден түскеннен соң-ақ есі кіре бастады. Емдеп жазылған соң қайта жасау жасатып, Алакөз Сыйқымның бір жігітіне тұрмысқа берді. Сол қыздан 3 бала өрбіді. Бекбосын, Қалдыбай, Алтыбай. Белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбаев сол кісінің ұрпағы.
Бекасыл баба туралы көп жазуының себебі содан-ау деймін. Мамытбек бізге жиен болып келеді. Қасқасудағы орта мектепті біздің үйде жүріп бітірді.
ххх
Мен жылап ояндым. Аш құрсақ жатқанымды білемін. Ішім төмен тартып, алып барады. Анам басымда отыр екен.
– Қазір ұлым, атаң қазір келеді. Тез қатырма қатырып тойындырамын. Жоланда Рахметулла деген татар диірмен ұстайды. Бір, екі қадақ ұн беремін деген екен соған кетті, шыда, - деп анам жыларман болып отыр. Қырғыз елінен көшіп келгеніне де көп болған жоқ. Ауыл белсенділері өздерінен әкелген азғана астығын тартып әкетті. – Байдың тамырына балта шабамыз,
- деп жай-жапарға қарамай тонаған еді. Сегіз құрсақ көтерген ана озбырлық дәуіріне алты балаларын беріп, соңғы кенжесін сақтап қалудың амалын таппай мең-зең күй кешуде. Үш ұлы мен жалғыз қызы қырғыз елінің күркіреуінде қалды. Сейітжан мен Сейтбатал жаңа күш ауылында жер құшағында жатыр. Үлкені Қарымсақты қойшыларға көмек бересің деп әкеткен. Қолындағы кенжесі үшеуі ғана ескі қоржын тамда отырғанына біраз болған. Көп ұзамай атасы келді. Әкелгені бір тақия ұн ғана. Маған қатырма қатырып беріп тойындырғаны ғана есімде, өздері не ішті екен деп, осы күнде ойланамын. Бірде аш, бірде тоқ көктемге де жеттік-ау, әйтеуір. Анам үй артындағы жерге қатар-қатар етіп ойып, жүгерінің екі дәнін бір ойылған жерге тастап, бетін топырақпен майдалап жауып тастап жүр. Көршілер болса (екі-үш үй) егістік жерлерін түгел күрекпен аударып, шымын майдалап және бетін тырмамен тегістеп, сонан соң дән себеді.
– Сіз неге бұлай егісті егесіз, басқалар басқаша істеп жатыр ғой, – деп сұрағанымда:
Атаң ауру, орнына тұруға шамасы жоқ, мен де дімкәспін, – қайтеміз ұлым өлместің қамы да, - деп жауап берді.

Әр жерді шұқып еккен жүгері бітік болды. Түбі төрт сабақтан салып, жағдай түзелейін деді. Атамның ауруы жаныма батып жүрді. Таяқпен далаға зорға шығып кіреді. Кей-кейде, қорланып жылап алатын кезі де болды. Қысқы азықты дайындау үшін анам отыз шақырым Ақсуға барып масақ тереді. Екі күн аралатып, үшінші күні атам екеуіміз барып терген дәнін алып қайтамыз. Күнімізге жараған көршінің көк есегі.
Өзім куә болған бір сұмдық оқиға әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Масақшылар өгіз жегілген арбамен сабанды егістік жерден тасып, екі-үшеуі бірігіп түнемелікке күрке жасап алған екен. Атамды қайтарып, мен анаммен қалған едім. Масақ терімшілердің балаларымен қасымда Нәрікбай бар. Нәрікбай екеуіміз бір ауылданбыз. Күркелерден 20-30 қадамдай жерде үйілген сабан жатқан болатын. Күн апақ-сапақ кез. Сабанның үстіне шығып төмен қарай сырғанап немесе баспен құлап ойнап жатқан болатынбыз. Үйіндідегі сабандардың әрқайсысында екі-үш баладан басына шығып, шуылдасып жатқан кезде: «Ойбай қасқыр» деген дауысты естіп шуылдап, күркелерге кіріп кеттік. Аздан соң «Шәрбану», «Шәрбану»,- деген дауысты естідім. Сағынып келген апамның құшағында маужырап ұйықтапкетіппін. Таңертең оянсам: Азан-қазан, жылаған апалардың даусынан оянып кеттім. Білсем, Шәрбануды үйінді сабанның артындағы жылғаға апарып, қасқыр дым қалдырмай жеп кетіпті. Тек екі алақаны, екі сирағы ғана қалыпты. Бір топ аналар балаларын ертіп ауылға қайтты. Анаммен мен де қайттым. Колхоз деген шығыпты, соған жұрт кіріп жатыр дегенді естимін. Оның не екенін ол кезде аңғармаппын. Кеңесарық колхозының адамдары Дегерез тегісіне келіп жүгері екті. Жүгері бітік болды. Жүгеріні қараушы да, оны суарып баптаушы да Бек көкөм. Жүгеріні жинап алуға  Кеңесарықтан ұзын қара киімді бөтен адамдар келді. Олар азаннан кешке дейін жүгері қайырады. Шикідей жүгеріні ауыздарының ішіне уыстап құйып шайнап жегенде еріндерінен жүгерінің сүті аппақ болып ағып та кетеді. Қыр астында Мамытбек және Әліқұл көкелер қой бағады. Жүз шамалы қазақтың қара қойы. Сол қойларды сауып, шешендерге бір ожаудан таратып береді. Сондай күндердің бірінде Әтіби атты шешен кісісі қасында қызы және әйелін ертіп біздің қоржын тамға келді. Әкеме ымдап бірдеңе түсіндірді. Әкем шешеме дауыстап айран, нан алдырып берді. Кетерінде белдігінен шешіп қанжарын дастарқанға тастап кетті. Содан күнде немесе екі күнде бір келіп айран, нан жеп тұрды. Соның қызы Яхиямен бірге оқыдық. Бірге оқыған шешен балалар: Мұхтар Бока дейтінбіз. Сейдахмет, Сейітжандармен бірге бір мектепте оқыдық. Мұхтар Шымкенттегі Пединститутты бітіріп, орыс тілінен сабақ берді. Ал Деге май зауытының директоры болды деп естідім. Олар өз отанына барып, жоғарыдағы аталған қызметтерді сонда істеп жүрді. Шашырап өмір сүріп жатқан 5-6 үйлерді бір орталыққа жиып, ірі колхоз жасаймыз деп қаулы шығарып, жинай бастады. Көшкісі келмегендердің малын өріске шығармай, шығарса колхоз сарайларына қамап қойды. Сөйтіп, 1953 жылы Кеңесарық колхозын көшіріп келіп, кекіреден басқа шөп шықпайтын тастақ жерден жер өлшеп беріп, орналастырды. Біздер тауда, біздің үй, Майтай, Кенжебүбі, Бек, Есенбай, Есенқұл, Мыңбай, Жүніс барлығы сегіз үй тұратын едік. Қай үй қандай да бір мал соя қалса, түгел сол тамаққа шақырып тамақ беретін. Бір есте қалар жай, қолым алақан тұсынан ісік басталып, оң қолым күп болып ісіп кетті. Күндіз-түні ұйқы жоқ. Оташы тәуекел деп кішкентай шаппасымен алақанымды тіліп жіберді. Алақаннан қанды ірің атып  кетті. Бұрынғы ауырғаннан пышақтың тілгені түк болмай қалды білем, қисайған күйі ұйықтап кетіппін. Қанша жатқаным белгісіз, қолымның тызылдап ауырғанынан ояна бастадым. Көзімді жайлап ашсам, далыйып ісіктен керіліп кеткен саусақтарымды жайлап қысып жанымда керемет сұлу бір періште отыр. Түсім екен деп көзімді қайта жұма қойдым. Құлағыма сөздері бөлек түсініксіздеу үн келеді. Өңім бе немесе түсім бе?- деп ойланамын. Жасым жетіде. Әлден уақытта есімді жиып көзімді ашсам, қасы-көзі қап-қара, өзінің ақтығы наурыздың ақша қарындай аппақ, сұңғақ денелі қызыл көйлегі ақ орамалы өзіне сондай жарасымды келіншек отыр. Бір ер кісі атаммен әңгімелесіп отыр. Әлгі сұлу келіншек саусақтарды жайлап біріне-бірін жақындатып қысса, қан аралас ірің шығады, соны сүртіп алып отыр екен. Әкем жырлап айтатын Қобыландының Құртқасы, Алпамыстың Қарашаш сұлуы, Төлегеннің Қыз Жібегі бірінен кейін бірі көз алдымнан елестеп өтті. Сұлулыққа сұстанғаным сонша, қолымның ауырғанын ұмытып кеттім. Күнделікті күтім жасап, түрлі шөптердің тұнбасымен жуып, таңып қолымды жазған сол кісі болды.
Сұқтанған сұлуымыз кім болады екен соған тоқталайық: 1930 жыл. Бишымыр балалары жаппай тәркілеуге (конфискацияға) ілігеді. «Байдың балаларының тамырына балта шабамыз», - деген ұранмен бар мал-мүлкін тартып алып, қаңғыртып жібереді. Ауылдық кеңестің төрағасы Тұрсынбаев, колхоз төрағасы Қобал, Жандай шаптары Нәтебай, Жұмабайлар болып, малдарын қазынаға тізімдеп өткізіп, мүліктерін өздері иемденеді.
1931-1932 жылдары Әкем түрмеде алты ай отырып, бір себептермен түрмеден шығып, Ташкент шекарасына барып тары орып, балаларын асырады. 1933-1935  жылдары нағашысын іздеп Қырғызстанға барады. Нағашылары Иманқұл, Молданалы, Бейшеналы, Жұманалылар қарсы алып, жағдайын жасап, үй алып береді. Өз елін сағынған әкем арада үш жыл өткен соң, күзге салым еліне қайтуға әрекет жасайды. Нағашылары бір атты арбасымен беріп, жолға шығарып салады. Екі биесін етекке байлап, екі сиырын арбаның артына байлап жүгін арбаға салып, елге бет алады. Жолда әкемнің ішінен қан өтіп, ауырып қалады. Шешем Қанымқыз бір өзі амалдап Күйік асуына келгенде, қызыл жағалылар ұстап, «ұрланған мал» деп жақын маңдағы сарайға қамап тастайды. Амалы таусылған шешем жаяу елге келіп, ауылдық кеңестен анықтама алып келуге бекінеді. Екі баласы мен ерін жолдың жағасына қалдырып, өзі екі етегін белбауына жүгіп алып, жолда далаға бір түнеп, Кеңесарық колхозына жетеді. Ауылдық кеңестің төрағасы Мырзабаев Әмірхан болған екен. Соны біліп, (Әмірханның жұбайы өзімен бірге өскен Қанымқыздың туысының қызы болатын) Әмірханның бастық болғанын естіген соң және күн кешкіріп қалғандықтан туысының үйіне тіке баруды шешеді. Әмірхан жұмыстан келген соң анам үй иесіне болған жағдайды жайлап жеткізді.
Әмірханның жауабы:
Жеңеше! Ертең анықтама дайындап беремін, бірақ малыңды алғаннан соң мұнда келмеңіз. Төркініңізге бір жылдай паналай тұрсаңыздар, - деп өз кеңесін берді.
Содан бір жылдай «Жаңа күш» колхозында тұрып, келесі 1937 жылы жаз шыға ата мекеніме көшіп келдім,
- деп, әкем айтып отыратын.
Біздің үйдің орналасқан жері қарт Алатаудың кішкене бір сілемі «Тоғызқұмалақ» шоқысы деп аталады. Сол шоқыға пайымдап биіктен қараған адамға киіз үйдің керегесіне сүйеніп отырған отағасы бейнелес.

Желбегей жамылған шапаны алып денесін қымтауға мол жетіп, оң етегі «Қорғантас» сайымен шектессе, сол етегі «жергентал» өзеніне түсіп жатыр. Осы сұлулыққа сән беріп тұрған малдас құрып отырған алып қарттың алдына жайғасқан жас баладай «Бөкен төбе» ерекшеленіп тұр. Шеті сол төбеге тірелген кең жазық қарт алдына жазылған көпке арнап жазылған көлемді дастарханды елестетеді. Бұл жазық қадам заманнан бері «Дегерез» деп аталады. Жазықтың түстік шетінде
«Бөкентөбенің күн батыс баурайында ақ топырақтан салынған ерекше ұсталық, ұқыптылықпен тұрғызылған бастырмалы қоржын үй мен мұндалап дастархан шетіне қойылған ақ жұмыртқадай көрініс береді..» Бұл үй осы өлкенің тумасы Бозшатай отағасының үйі. Бозшатайдың әкесі Бишымыр дәулетті болған кісі. Ірі саудамен айналысқан. Шәуешектен Шамға Дамаскіге ірі сауда керуенін жүргізген екен. Сайрамда керуен сарайы болған. Керуенді 40 жігіт қорғап, дер кезінде баратын жеріне жеткізіп отырған. Ибрайым ата, Қожа салық кесенелерін тұрғызған. Ағасы Байшымыр, інісі Бекасылда дәулетті кісілер. Бишымырдың өз кіндігінен он ұл бала өрбіді. Он балалары өскен соң «Дегерез» тегісіне үйлер салып, егін және мал шаруашылығымен айналысты. Осындай ұйыған жанұяларды Қазан төңкерісі... Аша тұяқ қалмасын», -деген ұранмен қудалағанда Бозшатай нағашысы және бауырлас Қырғыз еліне барып жан сақтады. 1936 жылы келгенде бұрынғы үйдің орнында тек үйінді топырақ қалған еді. Өнерлі әкем домбырадай ақ үйді келген жазында салып бітіріпті. Салған үйі құт болып, келесі жылы Қантай атты кенжесі, яғни мен дүниеге келіппін. Құдалаудың зардабынан екі ұл Фатима атты қызын қырғыз жерінің қойына беріп ұлдары: Қарымсақ, Сейітжан, Сейтбаттал Леңгір ауданының «Жаңакүш» колхозына көшіп келеді.

Бұл 1936 жылдың көктемі. Сейітжан мен Сейтбаттал белгісіз аурумен бірінен соң бірі қайтыс болады. 1937 жылы жалғыз ұлы Қарымсақпен туған жеріне көшіп келеді. 1938 жылы 25 наурызда мен жаңа үйде дүниеге келгенде «Құдай балама серік берді», - деп, төбесі көкке жеткендей қатты қуаныпты. Мен сенбінің түнінде туылыппын. Мен, 4 жасқа жеткенде 1942 жылы маусымда Қарымсақ көкемді (Бізді үйімізден көшіріп апарған шөпке тышарлар) Үкібаев Жанділданың үйінен соғысқа аттандырды.





Пікір жазу