10.08.2022
  101


Қанатбек ПОШАТАЙҰЛЫ

БІР УЫС ДӘН

Қаңыраған, қаңқиған, есік терезелері ашық күйінде қалған қоржын тамдардың арасында қапсағай денелі адам сандала басып, аралап жүр.
Аузы күбірлегенімен, өз даусын өзі зорға есітеді. Өңірінен мақтасы шыққан қара шапанының алдыңғы етек ұшы жер сызып, еңсесін көтеруге шамасы жоқ. Апат жүрген жер тамның бірінен шығып.біріне кіреді. «Өлгенге құрмет, тіріге ізет» дегеннен басқа айтары жоқ. Шетінен есігін ашып, адақтап келеді. Көп үйлердің адамы шықпай қалған. Өлік ішінде көзі ашық күйінде қалғандары бар. Жарық дүниені қимай кеткен- ау шамасы. Көзі ашық мәйіттердің қабағын уқалап, жанарын жұмып, киімдерін шешіп, үстілеріне айқара жапты. Үш-төрт үйдегі өліктердің иістеніп кеткеніне қарамай, әлінің келгенінше мәйітке лайық рәсімін жасады.
Бастырмалы тамның есігін ашып, табалдырықтан аттай бергенде «Бұл кім» деп ыңырси шыққан дауысты естіп, аз-кем кідіріп барып, өз ағасы Султан екенін біліп, бауырым-ай, не күйге түскенсің? Алда жоқшылық-ай, деп құшақтай жығылды...
Әбден арықтап, көп жатып, ақсүйек іспеттеніп кеткен дене қимыл жасарлық шама жоқ. Шүңірейе шұңғылданған көзден болмашы суланып қана бір тамшы жас ағып түсті. Ағасының халін көріп Бозшатай егіліп отыр.
– Қарағым, Бозшатай, менің тамақсыз жатқаныма көп болды. Мұндай ауыртпалық ел басына түсуі екінші рет. Бірінен өтіп едім, екіншісіне тұтылдым. Енді қалмаспын. Шүкір... Жүзімді жасыратын болдың... - деуге шамасы келді де, талықсып кетті.
Інісі беліне түйген талқанын алып, жұмсақтау болсын деп суға шалып, ағасының аузына салғанымен жұта  алмады. Ағам Айтмырзаның тамына неге келді, неге мұнда жатыр, қыр астындағы өз үйіне жете алмады ма? Деген мың сан сұрақтар Бозшатайдың миын айналдырып, мәңгітіп тастады. Не де болса, кіндік қаным тамған жерге жетейін, Султанның үйіне де кіріп шығайың менің балаларымның күні не болды екен, деп орнынан әрең көтеріліп, талқан салынған тастабақты ағасына жақындатып, жолға шықты. Ілби басқан Бозшатайды ой тұңғиығы тоғытып келеді.
Не деген қасірет? Міне, тірі келемін, несі қуаныш. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Жарымнан, бүлдіршіндей төрт ұлымнан айырылсам, тірі қалғанның несі мақсұт. Мүмкін балаларым мен әйелім тірі шығар, не де болса үйге жетейік. Орыс халқы білгіш-ақ қой. Әсіресе Жагор қазақшаға судай ағатын еді.
Қайдан білетінін менің қазіргі көрген апатымды ол осыдан екі ай бұрын айтқан: – Қазір қазақтар тегіс қырылып жатыр. Көмусіз далада шашылып жатқандары қаншама.дегенмен бұл ұзаққа созылмас. Аштық апатын жасаушыларға бұғау түсетін күн жақын, – деген болатын.
Иә, тергеуде болғаным менің де біраз көзімді ашты.
Міне, енді көзіммен көріп, түсіне бастадым.
***
Мешін жылының күзі қарасуықтанып, жерге қаңтар айының аяғына дейін қар түспеді. Ел жиындарын ерте қамдап, жинақы отырған болатын. Шаруаға жастайынан икемді Бозшатай он-он бес уақ малы мен екі сауынды сиырына, жалғыз торы шолақ атына жем, шөбін салып, сыртта жүрді. Сәске түс кезінде бес-алты атты адам мылтықтарын шошаңдатып, тау беткейінде отырған ауылға жетіп келді. Ел үрпиісіп қарайды. Жұртты қорқытып, қолда бар малды түгел тізімдеп, бас көтерер ерлерді «Бай-қүлақтың тұқымы» деп алып кетті. Сол  адамдардың ішінде Бозшатай да кете барды.
Алты ай қамауда болып, Бозжан ел жайынан бейхабар еді. Ақталып, елім деп келе жатқанда алдынан шыққан ағайын қырғыны есеңгіретіп тастады.
Алатаудың сілемі бөліп тұратын екі ауыл біріне- бірі тым жақын еді. Екі ауыл деген аты ғана болмаса екеуінде жиырма алты түтін шалқитын. Ортасындағы мая жон-жотаның кезеңінен асатын иір жолмен ауыл адамдары құмырсқаша қатынасып жататын.
Бозшатай бел үстіне шығып Дегерез тегісіндегі еліне, туған жеріне көз салғанда, шеткі үйден шыққан түтінді көріп, қуанғанынан буындары босап, жүрісі өнбей әбігерге түсті. Адымды жүрісі өзіне мимырт көрініп келеді. Асығыс алып-ұшып ауыл шетіне жақындап қалды.
Алыстан қарайған сұлбасынан таныды ма, немесе кім де болса ел азаматы деді ме, бір әйел сүріне-қабына бері қарай асығыс ұшып келеді. Жақындағанда таныды, немере әпкесі Тәуірше екен. Келе құшағын кең ашып, құшып тұрып бетінен сүйіп, аузына сөз түспей, азабын айтып жеткізе алмай, көз жасы жуған бет-бейнесі өзгеріске түсіп, онсыз да қырым ет жоқ әлпеті күреңітіп, оқтын - оқтын өксікке тұншыға шашалып, қиналып түр.
Осылай ұзақ үнсіздіктен кейін естерін жиып, сөзге келді. Бір-бірінің хал-жағдайын сұрасып болғаннан соң әңгімелері ел жайына көшті.
– Өздеріңді желтоқсанның басында алып кеткеннен кейін екі күн өтпей белсенділер келіп, барлық мал мен астықты жинап алып кетті. Үй жиһаздарынан да сілкіп аларын қалдырмады. Бала-шағаң қыстан аман шыға алмайтын болған соң, нағашыларына хабарлап едік, солар қырғыз еліне, Күркіреуге алып кетті. Хабарын алуға адам қалды ма? Барар жерім болмаған соң, мен бейбақ таудан алғы теріп, тасқа езіп, суға жеті қайырып,  уынан арылтып, быламықпен жиенің екеуміз күнелтіп келдік. Өлмес тамақ та!...
– Басқалар қайда? Сұлтанның балалары тірі ме? – деді Бозшатай.
– Өлгендер өлді, тірілер қаңғырып, тамақ үшін елден ауды. Сұлтан ағам балаларымның өлмес тамағына ортақ болмайын деп, шығып кеткен екен, содан оралмапты. Әйелі ісіп кеткен, жүруге шамасы жоқ. Жүрек жалғарлық аз ғана астығы бар көрінеді, оны балаларым жесін деп, өзі аш жатқанына көп болды. Айтатыны «Балаларым өлмесін» деп тек қара су ғана ұрттайды.
– Нәр тартсайшы, – десем, басын шайқап:
– Баламның өлігін көрмейін, – деп әкесі шығып кетіп еді, оралмады. Өліп қалды ғой, жүрегім сезеді. Мен де балаларымның алдында өлсем арманым жоқ деп, тырысып жатыр. – Ауылда түгел аштықтан қара жер құшағына енген үйлер бар. Үй құры емес өлім. Обадан жаман болды, - деп тоқтады Тәуірше әпкесі.
Беліндегі талқанын әпкесіне шешіп беріп: – Қаракөже жасаңызшы, – деді де көп кідірмей, ауылдың шетінен түсіп, адамы болсын, болмасын, әр үйге бас сұғып, көріп шықты. Соңында «Тоқалтал» тегісіндегі Сұлтанның үйіне барды. Қоржын тамның есігі жабық түр. Тірі жан бар деп ешкім ойламайды.
Бүл несі, – деген сенімсіз оймен Бозшатай есікті ашып қалғанда, қазандыққа аяғын тіреп, құрым киіздің үстінде жатқан жеңгесін көрді. Ақ сұрыптай бозарған Қалыш көзін ашып қарады да, қайта жұмды.
Өлім құрсауындағы әйелдің жай ғана тыныс алғаны байқалады. Қараңғы бұрышта ескі алаша астында жас баланың аяғы шығып жатыр. Бозшатай бетін ашып қарап, осы үйдің он үш жасар қызы екенін танып, аузы күбірлеп, бетін қайта жапты. Алғаш қара көлеңкеде байқамапты, Қалыштың ірге жағындағы бос орында  бүк түсіп жатқан баланы көріп, «Керімбекпісің» деп иығынан тартып, өзіне қаратқанда, бала да танып қалып,
«тәте» деп ащы айқайлап, Бозшатайдың құшағына қойып кетті. Оң қолы тас жұмулы екенін көріп: – Қолың неге жұмулы, деді Бозшатай.
– Тәте, бұл менің жәкем келгенде жейтін тамағым. Апам сақтап же деген. Ептеп жемесем мен де әпшем құсап өліп қаламын, – деп алақанындағы бір уыс бидайды ашып көрсетті.
– Бір уыс бидай өмір екен ғой! Сені мына сұмдықтан алып қалған мына бір уыс бидай ғой! О, қасиетті нан! – деп орнынан егіле көтеріліп, баланы арқалап, қара көже ішкізуге Тәуірше апасының үйіне алып кетті...
Інісін күтіп жатқандай, Султан мен Қалыш сол күні аштықтан қайтыс болды...
Қайбір жылы аңыздағы шашыратқыны орып, тамның төбесіне, топырақ астына, қамыс орнына салғанда, сары тап болып пісіп тұрған қодыра бидай қоса орылып, салынған болатын. Сол есіне түсіп, тамын шашып көрді. Бидай бүлінбей сақталған екен. Дереу шетінен ашып, шашыратқының арасынан бидайды масақтап теріп, тоқпақпен ұрып дәнін түсіріп, бар дәнді әпкесіне түгел қуыртып, қол диірменге тартып беріп, Бозшатай балаларын іздеп Күркіреуге кетті.
Көп кешікпей «Астықты елге, жерге, ауданға бөлмей, аш атаулыға қол ұшын беру керек» деген қаулы шығып аштық өлімі күннен-күнге азая бастады. Өкіметтен астық келгенше «НЗ» есебіндегі раң ұнынан қадақтап үлестірді. Мұндай қамқорлықты есіткен бөлімше- бөлімшедегілер орталыққа жинала бастады.
Ашаршылықтың ауыр шеңгелінен құтылған Сұлтан ұрпағын 1942 жылғы қан майданда қайырымсыз қара түнек өлім алып кетті.


 





Пікір жазу