Заманақыр
Жерінің де, көлінің тозы шыққан,
Зағип болған сорлыдай көзі шыққан,
Көкжиектен күлсе де Күн сәулесі,
Өз үйінде именіп өзі бұққан.
Тұла бойда ойнаған қаны жоқтай,
Сал ауру секілді жаны жоқтай,
Бар байлығын сыпырып кетсең-дағы,
Ұры-қары, жауыңмен дауы жоқтай.
Қойдай момын, шықпайтын сілкіленіп,
Бауыр еті жатса да тілгіленіп,
Дала – жара, теңізі жым-жылас боп,
Төксе де аспан тұз-жаңбыр сіркіретіп.
От мінезбен тұрмайды ол өршеленіп,
Не керек деп ойлайды мұнша желік.
Жанын беріп шықпас па халық деген,
Жермен бірге өн бойы пәршеленіп.
Дауыл күнді осынау армандаймын,
Жалын күнді осынау армандаймын.
Жанымызды түймесек шүберекке,
Нағыз өзі болармыз сормаңдайдың.
Жаныма жат жалған сөз, жалған қайғың,
Жанарымның жасын көр, малмандаймын...
Жүрегіме түсті дерт – дала шері,
Жан-тәнімді торлап бір алғандай мұң.
Дейді біреу: тым жақын заманақыр,
Жер бетінен жоғалар адам пақыр...
Шашын жұлып жылардай Арал-Ана,
Тағдырына көндігіп Далам жатыр,
Дандайсыған даңғойлар талап жатыр...
Кеуде ұрғанмен не пайда бала-батыр?!.