Перзенттік парыз немесе анамды жоқтау
Асыл анамыз Дарайы Ұлықпанқызының рухына
-------------------------------------------------------------
Жүректі басып қайғы-мұң,
Тұтылып туды Ай-Күнім.
Сөнгендей болды Жұлдызым,
Сарқылған сынды байлығым.
Таусылған сынды базарым,
Кернейді бойды аза-мұң.
Анашым еді ардағым,
Анашым еді ажарым.
Орыны толмас қазаның.
Тоғыз ай, он күн көтерген,
Өмірге бізді әкелген,
Асыл бір туған Анаға
Парызы кімнің өтелген?
Көкірек қалай шерленбес,
Жанарға қалай сел келмес?
Айрылдық біз де ақыры
Анадан жанға теңгермес.
Бесікке бөлеп тербеткен,
Есті бір ұлан, ерке еткен,
Түн ұйқысын сан бөлген,
Қиналған кезде дем берген,
Табылмас тұлға жер-көктен,
Жан-жылуын шипа еткен,
Жақсылыққа үйреткен –
Анадан асыл айрылып,
Жан қиналып, күй кеткен,
Тірлігім тартты көңілсіз,
Өксікке толды өмір-күз,
Анасыз ғұмыр кешудің
Өзі де мүлде мәнісіз.
Сыймай да кетем жерге мен,
Сезімім босаң пенде ме ем,
Елестеп есіл анашым,
Селкілдеп жылап шерленем,
Көзімнің жасын тыймаймын,
Қимаймын тіптен, қимаймын.
Жалған бір істей сұм ажал
Санама менің сыймайтын.
Қолдаса Алла, бір Құдай,
Құдірет қонып шіркін-ай,
Мәңгілік өмір сыйлайтын:
Анама бақты орнатып,
Анама тақты орнатып,
Көтеріп көкке жүрер ем,
Басыма қонып зор бақыт.
Болды ғой бәрі арманым,
Тағдырым салды салмағын.
Мойынға ауыр жүк артып,
Заулайды дүние-жалғаның.
Еркелік күндер тиылды,
Өмірден түйдік түйінді.
Ендігі қалған тірлікте
Анасыз пәни бұйырды.
Жоғалып жылу-тірегің,
Жұлқиды үзіп жүрегің.
Жиілеп елес беретін –
Іздейсің отты реңін.
Жан еді неткен алаулы,
Жан еді неткен аяулы.
Кешегі дана қалпында
Елестер жүзбен ояулы.
Боламын оны көргендей,
Жаныма Ол таяп келгендей.
Астында аты арғымақ,
Болады аян бергендей.
Жүзінде байып, мықтылық,
Тұрғандай бәрін ұқтырып,
Жасымаң дейтін секілді
Келсе де көзге шық тұнып.
Өр пішінменен анам-нар:
«Қош болың, дердей, балам ал...»
Үстінде зерлі киімі,
Басында аппақ орамал.
Еңсесі мүлде түспеген
Анашым сондай күшті екен.
Баласын әлі қорғаштап,
Жүрген бір кие-құс па екен?
Бойыма мәрттік құяды,
Рухым қайта оянды!
Тұрғандай демеп анашым,
Тіршілік кеш деп баянды!
Іс қылса Тәңір нетемін,
Артына тәуба етемін.
Анашымның ақ сүтін
Ақ адал ғып өтермін.
Адалдық жолын ұстармын,
Адамдық жолын ұстармын.
Әуелден өзім жақсылық
Жасауға жұртқа құштармын.
Кіршіксіз менің пейілім,
Анамнан алған мейірім.
Ата-анамның арқасы –
Алшаңдаған сейілім.
Қалыппыз енді анасыз,
Үш бұтақ – үш ұл баламыз.
Тамырымыз таралып,
Жапырақ жайып барамыз.
Бұл өмірдің парқындай,
Бір рулы елдің рухындай
Бар ғой тірек-панамыз:
Қилы ғұмыр өткерген,
Бәрі-бәрін көп-көрген –
Ел сыйлаған әкеміз
Қанша құса шеккенмен,
Сабыр етіп шектелген,
Көздің жасын көрсетпей,
Көмейіне кептелген.
Ауыр боп тұр бұл қаза
Соғыстағы шептерден,
Тар жол, тайғақ өткелден.
Алпыс жылдай отасқан,
Татулығы жарасқан,
Жұбайынан ажырар
Жан күйзелер шақ келген.
Бөліп тұр ғой жол-ағыс,
Тағдыр осы опасыз.
Маңдайыңа жазылған
Тірлік дәмін татасыз.
Болса Алланың пәрмені,
Пенденің жоқ дәрмені,
Бір құдайдың ісі ғой
Қанша ғұмыр сүрмегі.
Жаратылыс заңы ғой
Қарт кісінің өлмегі,
Деп айтады әкеміз
Көргені көп, көргені.
Күйзелгенмен өзі де,
Басу айтқан сөзі ме,
Көңіл, шіркін, босайды
Көзім түссе көзіне.
Тұрғанымен амал не,
Ет-бауыры езіле,
Сезімімді іркемін
Уақыт-зілін сезіне...
Қош бол, дейміз анажан,
Тумысынан балажан.
Сеніміңді ақтармыз
Бізді азамат санаған.
Өсиетің, ақылың
Бойымызға тараған.
Өзің туған ақының
Өлең-кірпіш қалаған.
Менің екі бауырым
Дара тұлпар жараған.
Тату-тәтті тұрармыз
Қыл өтпейтін арадан.
Бопса тірлік кешпеспіз
Бас қамымен қарақан.
Елдің қамын ойлармыз,
Жердің қамын ойлармыз
Мирас қоныс бабадан.
Сан асуды өтерміз,
Биіктерге жетерміз
Қалып қоймай қарадан.
Рухымыз өшпейді
Өзімізге бекембіз.
Артының болып қайыры,
Сырқатынан айығып,
Аман жүргей әкеміз.
Жан едіңіз әуелден
Екеуіңіз тел-егіз.
Шайқатылып кеткенмен,
Түзу жүзгей кемеміз.
Мынау өмір – көк теңіз,
Сүйеу - Әке, Ағкеміз.
Бала-келін, немере,
Ағалар мен жеңгеміз,
Апалар мен жездеміз.
Тумаластар қаншама,
Ел боламыз біршама.
Бір кісідей жиылған
Мың рахмет баршаға.
Нағашылар, жиендер,
Құда-жекжат, күйеулер,
Бажалар мен бөлелер,
Тілекші дос-жарандар –
Мықты тұғыр-тіреулер...
Өмір болмас қазасыз,
Кім тартпаған азабын?
Аман болың бәрің де,
Айналайын, қазағым!
Жан болғасын мазасыз,
Біз, ақындар, жазамыз.
Анамызға арналды
Ащы зарлы азамыз.
Жайлы болғай тұрағы,
Бақи-дүние жұмағы.
Ұлан-ұрпағы артында –
Сөнбейтұғын шырағы!
Орындалды дер едім
Арманы мен мұраты!
Қалды мәңгі жүректе
Нұрлы бейне, ұлы аты!
Бұ дүниеде жан болдық
Жоғалған ең қымбаты.
Соңғы тілек: бұйырғай
О дүниенің жәннаты.
Аман болғай ләйім
Артындағы зәузаты...
Осыменен тынайын,
Сақта өзің, Құдайым!