Поэмалар ✍️
Сүйінқара серті
Маңғыстау емес мүлде иен дала,
Маңғыстау –маңғаз жатқан кие дала.
«Бұл неткен айдалада батпан құйрық» -
Деп әркім кете алмаған ие бола.
Қалдырып артына сан өлі, құрбан,
Жеті жұрт аттың басын кері бұрған.
Азуы алты қарыс арғымақпен,
«Аттандап» Адайлардың Елі тұрған.
Ерлер көп бұл Қазақта текті туған,
Ел үшін ерлік іске белді буған.
Емексіп, есірген жау ентелесе,
Есінен тандырып бір кекті қуған.
Жортса да жат жерліктер талайлаған,
Шайлығып жүректері абайлаған.
Қорықпай бағындырып құладүзді,
Қабыланша қайрат қылу – Адайға тән.
Кең дала, асау айдын арнасы бар,
Тәңірден бұл Адайдың олжасы бар.
Хақ-Құдай хас батыр ғып жаратса егер,
Үркіту үрейіңмен қолда шығар.
Ұлыста Маңғыстауды мекен еткен –
Көш бастап, қол бастаған Шотан* өткен.
Жерсінтіп елін,
өзі жел өтінде
Қалмаққа қырғын салған о да кеткен.
Ізінен ілесті іні – Сүйінқара,
Аймаққа атышулы сыйы дара.
Тағдырдың алмағайып кезеңінде
Ел, жерді ойлауменен күйіпті о да.
Қарақан бастың қамын күйттемеген,
Айрылмау –арман мен серт құт мекеннен.
Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Адайы іштей іріп түртпелеген.
Туғанда ата-анадан сойы бөлек,
Туған жер дегенде асқақ ойы бөлек.
Тұлғасы тау секілді кесек бітім,
Көзі – шоқ, жүрегі –от, бойы бөлек.
Сұстанса ақырады арыстанша,
Жау шошыр ұсқынынан алысқанша!
Маната* қиясынан күркіресе,
Отпанға* жаңғырығар дауыс қанша!
Ұқсамас жол ортада шалдуарға,
Жаралған Намыс пенен Ар қуарға –
Аршылан, артық туған Сүйекемді –
Теңепті Абыл ақын Қарқуарға!
Қарқуар –аң төресі, һәм, түз бөрісі,
Кім білсін, суын айғыр, су перісі?!
Кім білсін, самұрық па алтын қанат,
Тарпаң ба Тайбурылдай сырт келісі.
Тегінде бұл Адайда батыр көп-ті,
Тебінген асау тұлпар, асыл текті.
Түскенде ел басына қауіп-қатер,
Қас-жауын жекпе-жекте шауып кетер,
Алмастай жарқылдаған жасын көп-ті.
Жалқы емес, жалпы елдің көзайымы,
Батырды мадақтаудың жоқ айыбы.
Сүйеніш, пана болған байтағына -
Сүйекең – Маңғыстаудың қожайыны.
Емес Ол барымташы жол торыған,
Есіл Ер өле-өлгенше Ел қорыған.
Сезілер Сүйекеңнің Өшпес Рухы –
Үстірт пен Бозашының жондарынан.
х х х
...Суық күз. Бұлт көмкерген сұр аспанды,
Хауыс* кеп ақырапқа* ұласқан-ды.
Сүйінқара ауылы ойға құлап,
Тапқан-ды жаға бойлық туысқанды.
Керел* мен Бозашыны* жайлаған ел,
Ежелден еркіндікті ойлаған ел.
Жеменей, Жары, Қосай, Қаратоқай*,
Бойына бес қаруын сайлаған ел.
Қарсы алып қарқуардай Ер Сүйінді,
Ерлігі, билігіне ел сүйінді.
Орыспен, Хиуамен тең тұрғылы –
Көргесін көсемдігін ел сиынды.
Батырға әулиелік қонған еді,
Қиядан қияндарды шолған еді.
Жүрсе де қай шетінде боз даланың
Халқына қалқан еді, қорған еді.
...Жау шапты...
бір күндері хабар жетті,
Зар заман...
Ер басына зауал кепті.
Жоғында Сүйінқара аулын шауып,
Хиуаның үш мың қолы қаһар төкті.
Қапыда қалды батыр бармақ шайнап,
Ерлері ес жия алмай қалған жайрап.
Қылыдан* тағалы атпен теңізге өтті,
Шегініп, шамырқанып, кегі қайнап.
Өлтіріп Кежі інісін қанішерлер,
Олар да шеттерінен жаны сірлер,
Ат басын Қаламқастан кері бұрды,
Баскесер, қарақшылар, тағы-дүрлер.
Өш алу –Хиуаның көксегені,
Адайдың батырлар ғой бек сенері.
...Сегіз жүз әскер жиып Сүйінқара,
Қас-жауын орта жолда өкшеледі...
Ерлерге не тәйірі жол салмағы,
Ерекше ауыр Намыс, Ар салмағы.
«Жан әке, абай бол!» - деп жан ұшырды,
Қос қызы –Айсалқам мен Жансалқамы.
«Кеткенде қос өрімің жау қолында,
Басыңнан бақ-дәулетің ауғаны ма?!
Иелік ете алмасаң аумағыңа,
Не қайыр батыр болып туғаныңа?!!»
Кектене, күйіп кетті Сүйінқара,
Аруақ қонған сұсты күйін қара!
...Қасында Құлбарақ бар Қаратоқай*,
Тиді кеп қақ ортадан құйындата!..
Ұрандап айбалтамен ұрыс салды,
Аз қолмен жарты жауын қырып салды...
Үдере қашты дерсің үріккен жау,
Тарылып ту өлкеде тыныстары...
Құлбарақ – серттескен дос бақұл болды,
Сарбаздар дұшпаннан кек алып өлді.
Беріштен он жеті ер шейіт болып,
Адайдан көзсіз ерлер мерт болып,
Көз жұмды Бүркіталы*, Сатыбалды*.
Ерлікпен қаза болған қапияда
Қос ұлдың жан жарасы жазыла ма?!
Тағдырдың тақсіреті төнгендей ме,
Сүйекең сүйеу болған жанұяға?
Ортаға түскендей боп шаңырағы,
Ит ұлып, қорада қой маңырады.
Кісінеп жылқы, түйе бошалады,
Азалап бүкіл аймақ, атырабы!..
...Сүйекең есін қайта жиып алған,
Түнеріп, қас-қабағын түйіп алған.
«Маңғыстау, о киелім, дей береді,
Мен үшін сен боларсың биік арман.
Қайғылы көңілімді күйретпеспін,
Ешкімге бұл даланы илетпеспін.
Жер басып жұрсем егер кек қайырып,
Жат жұртқа Маңғыстауды билетпеспін!»!
Ездікке мойны бостар алдырады,
Көрсе өлім, күйреп басы қаңғырады.
Ал Сүйінқара батыр, дара батыр
Ұрпаққа ерлік дәстүр қалдырады,
Дабысы кең далада жаңғырады!
Бұл дәстүр -өз жеріңе иелігің,
Ел қорғау – ежелден де киелі ұғым.
Асылдығын сездім мен, ағайындар,
Сүйінқара батырдың сүйегінің!
Туған халқы тұғырлы сүйеді ұлын!
*Сүйінқара – ХҮІІІ-ХІХ ғ.-да Маңғыстау өңірін Ресей империясы мен Хиуа хандығының езгісіне бермеген, отарлаушылыққа көнбеген ірі қолбасшы, дипломат, сұңғыла саясаткер, азулы батыр.
*Шотан – ХҮІІ-ХҮІІІ ғ.-да Әбілхайыр ханның бас сардары(Кіші жүзге) атанып, қалмақпен қырқысқан, одан кейін Қазақ мемлекетінің Адай ұлысын байырғы ата-баба мекені Маңғыстауға бастап келген даңқты қолбасшы баһадүр.
*Маната,Отпан* - соғыс жағдайында ұран отын жағып, белгі беретін бірі Маңғыстаудың қараойындағы, екіншісі Үстірттегі биік шың-шоқылар.
*Хауыс(қазан), ақырап(желтоқсан) – ескіше ай аттары.
*Керел, Бозашы – жер атаулары.
*Жеменей,Жары, Қосай, Қаратоқай-ру аттары.
*Қылы - Қаламқастағы тұщы теңіз бен кезіндегі ащы теңіздің(кейін сорға
айналып кеткен) ортасындағы қылдай жер.
*Айсалқам, Жансалқам – Сүйінқараның қыздары.
*Бүркіталы, Сатыбалды – Сүйінқараның ұлдары.
*Құлбарақ – Маңғыстауды Адаймен бірге қоныстанған Қаратоқай
Беріштің атақты әулие-батыры.