Ақтау – арман қаласы
Ару-Ақтаудың 30 жылдығына
-------------------------------------
Киелі, Далам, Маңғыстауым менің,
маң басқан нарлар,
маңғаз мұнаралар,
асау айдын мен
аңызақ шөлдің,
кәрі таулар мен
шағыл құмдардың,
наркескен мінез
марғасқа ерлер мен
түзде жортқан
тағы аңдардың
Ордасы,
Бақыт пен байлық,
атақ пен абырой,
даңқ, мерейден
тасынып, тасып,
толып бір жатқан
арнасы,
Ақтаудай сенің
азамат төлің
арқасын кеңге салып бір,
Жиырмаға толған
жас арулардың
болғандай бұла құрдасы.
Ақтауың сенің
ақ мәрмәр кейіп,
ақшулан толқын
жартасты сүйіп
толқиды,
Жаға-жайларда
шағалалардың
шаңқылыменен,
аққу-қаздардың қаңқылыменен
қиялың жүзіп,
ойыңыз алыс шалқиды.
Ақтауға келсең
арманның қалқып
сүңгуір сынды
заулаған жүйткіп
қайығыменен,
Сырласқың келер
сымбатты, сұлу,
сылқымсып күлер
бұралған сиқыр қайыңыменен,
Ақтауым менің
әсемдігімен
әлемді арбап,
атағы шарлап
жүр кезіп,
Ару қыздарға
жарасқан жұбы
адай кескінді,
арда мінезді,
азаматтық пен мәрттікке дәйім
сай ұлыменен!
Ақтауым менің
отты да ойлы,
сұңғақтау бойлы,
жас жігіт сынды,
зәулім биікке өрлеген,
өздік өрнекпен,
еңбек-бейнетпен
мүсіні сом боп,
мәрттігі зор боп,
зейнетін көріп ерлеген.
Ақтауым менің
алыс шақырымдарға,
шет жұрттарға
шығатын алтын қақпадай,
Ақтауым менің
қыран тәріздес,
сұңқар қаладай
Ғарышқа құлаш сермеген.
Ақтауға келсең,
адамды көр сен
жаятын құшақ айқара,
Шұғыла жүзді
шуақты жандар
сезімді тербер қайда да.
Ақтауым менің –
ырысы менен берекесі де,
ынтымағы мен мерекесі де,
ырзығы мен рахаты да,
шапағаты мен ұлағаты да
бай қала.
Ақтауым менің-
арман мен жастық,
береке, достық шаһары,
Ақтаудың таңы
алаулап атар
шашылып алтын шапағы.
Көресің мұнда
жымдасқан білек,
жарасқан көңіл
сан ұлттың сері-жампозын,
Көресің мұнда
кәрі мен жасты,
көргені көлдей Атаны,
керексе берер батаны.
Ақтауым менің
әруақты жердің
әйгілі елдің
бауырынан өнген жайсаңы,
өзгеге намыс бермеген өршіл
өжет те ердің қайсары.
Көрсең де қашан
қарсы алар сені
көңілмен көктем жайдары,
Жас жігіттейін
желпініп тұрар
жел ескендейін айдары.
Ақтау қаладан
көрегендік пен көрікті,
сәулеткерлік пен өрлікті,
еркіндік пенен ерікті,
жасампаздық пен шеберлік,
биіктік пенен тереңдік,
табасыз- бәрін табасыз,
өлместей мұра-өнерді.
Еліңе еңбек етпесең,
Биікке самғап жетпесең,
Бас қамын ғана күйттесең,
Халқыңа қандай қайырың?
Ақтауда тұрған жұрағат,
Сөзімде болса ұлағат,
Қайрасын сізді шайырың.
Маңғыстау деген мекенде
Астана –Ақтау екен де,
Айналып келсең жер жүзін,
Ақтауға сәні жетер ме?!
Тұрып ап сондай шаһарда,
Ер жігіт тыныш жатар ма?
Еліңнің ойла, дос, қамын,
Ілессін десең қатарға.
Тұрғанда заман алға озып,
Ілгері ұмтыл, қол созып.
Еліңнің ойла қамын сен,
Кетпесін десең жер тозып.
Жоғалтпай ұлттық нәріңді,
Дәстүрің менен дәбіңді,
Құлшына дәйім өмір сүр,
Сындырмай мүлде сағыңды.
Ақтауым – мәрттік қаласы,
Ақтауым – шаттық қаласы.
Әлпештеп оны өсірген –
Маңғыстау – қазақ Даласы!
Маңғыстау – ата-анасы!!!
Отызға толып жасұлан,
Дариядай көңіл тасыған.
Ақтаудың асқақ тұлғасы –
Жаралған ақық-асылдан,
Көрген жан – бәрі бас ұрған.
Қолдасын сені Тәңірім,
Өшпесін алау-жалының,
Қошқар-Атаға жерленген
Өлі әруақтардың да бәрінің –
Рухы сені қолдасын,
Қуат ал содан, бол басым.
Жүрсін деп жұртың жыр қылып,
Ақтаудай аппақ ордасын,
Өлеңнің селін ақтардым
Бойыма шабыт қонғасын...