Жаз
Көңілімнің кептері, қайда самғап барасың,
Шағаладай көктегі неге қиқу саласың?
Жаз айында жаным бір маза таппай толғана,
Қиял, шіркін, қалықтап, құсша қанат қағасың.
Тұла бойды ой билеп муза-мұңнан арылмай,
Қызу қаным өртеніп лапылдаймын жалындай.
Талай күндер зуылдап дүрмекпенен өткен бе,
Тағы да жаз келіпті, неткен жүйрік апырмай.
Өткен күндер қалады елес болып сағымдай,
Жаның барда кеудеңде аласың ба дамылдай,
Сәйгүлікке мініп ап құйғытқым-ақ келеді,
Кең даланы сүйемін қаным менен жанымдай.
Жүрем қанша, бауырым, құрсауында қаланың,
Туған жерден нәр алған арманы асқақ баламын.
Жаз айында жадырап жүрудің мен орнына,
Сағынышты сезіммен мұңға оранып барамын.
Ауылды да аңсаймын жұпарына ынтығып,
Бауыр десе жүрегім өрекпиді жұлқынып,
Қалай көңіл аумасын Алматыдай шаһарға,
Аңыз қала – астана айтатындай жыр ғылып!
Пай,пай, шіркін, жаз шыға кетсең кезіп әлемді,
Тамаша ғой, тамаша, шарласаң ғой бар елді.
Саяхаттап, сайран сап, сапар шегіп жүрсеңіз,
Бұғау салып ірікпей көңіл, шіркін, дөненді.
Жаз күніндей жарқырап сонда өмірің гүлденер,
Сылдыр қағып ақбұлақ бар тіршілік түрленер.
Жаз айында шабыттың пырағына мініп ап,
Жан-дүниең сайраса, жүрекке өлең-жыр келер.
Ай-хой, жаздың күнін-ай, тұла бойды тұр өртеп,
Күн шыққанда нұрланып, кімнің өңі түнермек?
Жарқын жүзбен, жәмиғат, жолықсақ біз жымиып,
Табиғатпен жарасып, Адам жаны түлемек!