10.08.2022
  575


Автор: Ғалым Әріп

Жемқорлық

Халықпыз ғой кеуде керген, кең қолтық
Дер едім мен,
ашты аранын ең қорлық,
Жалпақшешей боламын деп жалтақтап
Жүрген кезде жегідей жеп жемқорлық.
Жаулығы аздай қара ниет, жат көздің,
Кер пиғылы-ай іштен шыққан ашкөздің.
Жұтылумен бара жатқан Далам-ай,
Бола алмай тұрғаным-ай бас, көзің.
Дер едім мен дара туған сүйікті ел,
Кер қылығын көрсем күйем күйіктен.
Жемқорлықтың жетегінде кетпесе,
Табылар ма ед қыран ұшқан биіктен!
Көсегесі көгерсе деп Даламның,
Құрақ ұшқан мен көгершін балаңмын.
Ұлт түбіне жете ме деп жемқорлық,
Жер-Анадай алабөтен алаңмын.
Зәрін шашып құртпай қоймас жегі құрт,
Өн бойымды барады алып кеміріп.
Кекіріктен азып жүрген кей дәулер
Кердемсиді ел үстінен семіріп.
Күндер жылжып, уақыт, шіркін, алға асып,
Өтеді өмір заманамен арбасып.
Сол өмірде жүреді екен жер басып,
Жемқорлар да жең ұшынан жалғасып.
Жеңіл оймен қарайтұғын бүгінге,
Жемқорға да зауал келер түбінде!
Кіретұғын тесік таппай теңселер,
Қияметтің туған нағыз күнінде!





Пікір жазу