Соңғы кезде ой басады, мұң қалың...
Соңғы кезде ой басады, мұң қалың,
Толғанады терең бойлап бұл Ғалым.
Көшкен бұлттай жылдар жөңкіп аулаққа,
Жастығымның ала кетті-ау гүл бағын.
Көкірегімнің күйі қайда дауылды,
Ағыл-тегіл шағым қайда жауынды?
Шалқып жүрген ақын қайда өрт мінез,
Аңсай сүйген туған дала, ауылды.
Сағынышпен еске алатын бауырды,
Кездер қайда қаным тасқан арынды?
Кең дүниеге сыя алмай сенделіп,
Ғұмыр кешкен күндерім-ай жалынды.
Өтті бәрі,
өкініш жоқ өзімде,
Өмір сүйген махаббат бар көзімде.
Ақыл тоқтап, ойлылыққа ұласып,
Шалынғым-ақ келмейді ұшпа сезімге.
Тұла бойда қалса-дағы қызу-от,
Желпінсем де бал шарапқа қызып ап,
Желік құмар тіршіліктен беземін,
Жанұямнан жоқтай артық ұжмақ..
Солай деймін, бекем менің жүрісім,
Жынды құсап кешкен тірлік құрысын,
Жазғы самал секілденіп желпиін,
Жан-жарымның кеңітейін тынысын.
Өз ошағым ғана емес, ұлы елім
Сеземін ғой сенім артып жүрерін.
Жас жетпістен асқан ата-анам да
Білемін ғой ұл тілеуін тілерін.
Ей,азамат, енді өзіңе бол мығым,
Елден ерек тасамын деу – сорлы ұғым.
Одан-дағы қазағыңа қорған бол,
Көрсеттірмей көлденеңнің қорлығын.
Осы сөзді өзіме-өзім серт қылам,
Жүрегімде оянады өртті ұран.
Бәріміз де елдің қамын ойлайық,
Құлағың түр, қайсар қандас, беу, қыран!
Алданбайық арзанына тірліктің,
Марғасқасы атанайық жігіттің.
Осы ойымды арнадым бар қазаққа,
Үзігінен ұстағандай үміттің.