10.08.2022
  149


Автор: Рза Оңғарбай

Теректің өлімі

Ақ терек өліп кеткен сұсты қалпы,
Көзімнен қос тамшы жас түсті балқып.
Қашанғы қадірлісін қимағандай,
Сіркіреп қазбауыр бұлт ұшты қалқып.
Бір сәнге бөлеуші едің шаршы алаңды,
Қалайша қау бұтағың арсаланды?
Өмірдің өткіншісін көріп тағы,
Қу жүрек қан жылады, пәршаланды.
Десе де тағдыр келіп «күнің жетті».
Өтпекші оны да алдап бүгінгі епті.
Қасқайып сұм ажалды қарсы алғанда
Ақ терек иілмепті, бүгілмепті.
Таусылып көрер қызық, қылықты арман,
Сәтінде ажал келіп құрық салған
Ақ терек қайсар қалпы, асқақ қалпы,
Аспанға қолын соза тұрып қалған.
Болған соң жүрегімнің сызы қалың,
Бағынбай бастайды ылғы бұзық әнін.
Жәдігөй ит тірліктен жерінгенде,
Мен қайсар өлімге де қызығамын.





Пікір жазу