10.08.2022
  116


Автор: Рза Оңғарбай

Қырдағы қараша үй

Сыймайды жанарыма шара –заман,
Қинайды қисыны кем жарамазан.
Қазақтың қадірлісі, халің нешік,-
Қараша үй, қара шәйнек, қара қазан?..
Жүрмейді мына заман дегеніңмен,
Сол үшін кімді сыбап, сөгемін мен?!
Өрісін жайлауыңның жын жайлайды –
Өрмесе қозы-лағың көгеніңнен.
Тартады қырдағы ауыл тегі мені,
Сапырып саумал ішкім келіп еді...
Кептірді кенезесін көңілімнің
Жайрағыр жетім бота желдегі.
Салғандай сауал тастап, бір ой маған,
«Еліңіз тыныш па?» - деп сұрайды ағам.
Қалжырап үй артында қара айғыр тұр,
Үйірін бір-ақ түнде ұры айдаған.
Інім де ұтылғандай базарынан,
Салмады, сұрасам да сазарып ән.
Құлықсыз құла шәйін құйып берген,
Мұң көрдім жеңешемнің ажарынан.
Тырс етті транзистор, толас ақ түн...
Хабарын айтып жатыр болашақтың.
Қараша үй қырда қалды, тілеп келем:
«Оты өшіп қалмағай», деп сол ошақтың.





Пікір жазу