Өзенде
Ақын дос келіп қалған Атыраудан,
Бастады таңданысын «бәтір-аудан»
- Өзенін Өзеніңнің көрмей тұрмын,
Шаңытып құйын жортқан жатыр-ау маң.
Ойлама деп сен мені табалады,
Қыр жақтан соқпай тұр ғой самал әні.
Шоқ тоғай көрінбейді жар басынан,
Көрмедім шарлай ұшқан шағаланы.
- Мініп ап қос ескекті қайығыңа,
Жігітсің күнде жүзген Жайығыңа.
Мен саған көрсетейін өзенімді,
Айтшы дос не бересің айыбыңа?
Емес қой бізге таңсық дала мына,
Мен сенің жауап берем талабыңа –
Дедім де алып келдім ақын досты,
Маңдағы мұнайшылар алаңына.
Көрді екен ақын достың көзі кімді?-
Тауыспай мен де тұрмын төзімімді.
- Ал қане, дәл осылай тұра қал да,
Сергітші, дедім сері сезіміңді.
- Апыр-ай, қалар емес бір үн менен,
Сезеді жеті қаттан діріл денем.
- Ақын дос айналайын, дәл таптың-ау
Өзенім сол ғой дедім гүрілдеген.
- Бұл сөзде бар ғой үлкен гәп бір тегі,
Жүректе жыр туындап шақ тұр, деді.
Болжаған жеті қаттан жер атауын,
Адайдың шалы неткен тапқыр деді.
Тереңге ерлер ғана бата алады,
Қайран жер қара сусыз қаталады.
Арманы бір дария болғасын ба,
Әйтеуір, өлкем «Өзен» аталады.