10.08.2022
  109


Автор: Рза Оңғарбай

Ауылға барғанда

Еңбектен басқа ешқайда қарамайтын,
Алыпсоқ алпыста да толағай тың,
Ауылдың ақсақалдары,
Ассалаумағалейкүм!
Даладай кеңпейілді жүректерің,
Армандай аппақ-ау бір тілектерің.
Құшаққа алғандарыңда
Мүмкін бе дір етпеуім.
Ортаға ап сұрайсыңдар қала жайын,
Ұмытпай келінді де жазатайым.
Мен сонда отыра алмаймын,
Көсілмей даладайын.
Дейсіңдер бұл заманда жастық ерен,
Қой сойып бұл балама басты берем.
Қарайды қарындастар да
Көзінің астыменен.
Ағайын тауыстырмай қашық қонып,
Жүресің көңіл өсіп, тасып-толып.
Ауылдан аттанасың бір
Өмірге ғашық болып.
Кетпепті өздеріңнен жау қолында ар,
Даналар кең далама тау болыңдар.
Қаракөз қарындастарым,
Сендер де сау болыңдар!





Пікір жазу