10.08.2022
  129


Автор: Рза Оңғарбай

Күй

Ит тірлікті жайғағасын қиқымды,
Масатыдай мақпал түнде сүйкімді,
Қараша үйден қалықтады қыран күй,
Шайдай ашып менің марғау ұйқымды.
От ұшқындап қалқатайдың көзінде,
Бір бал шарап араласты сезімге.
Нұр құйылып жатқандайын кеудеме,
Көкірегім қаңсып жүрген кезінде.
Кәусар күйге қыздың жүзі нұрланып,
«Кербез керік» кетті әнеки қырға алып.
Шолпылары сыңғыр-сыңғыр отаудан,
«Күнтай» сұлу келе жатыр ырғалып.
Түні қандай қоңыр салқын кеш күздің,
Күймен күрмеп жібек арқан ескіздің.
Сол арқанның түйіндерін таратып,
Былқылдады «Бел шешпесі бес қыздың»
Кеудем менің күмбірледі жыр сіңіп,
Ұжмақ түнге айналғандай тіршілік.
Кенет қақсап, күңіренді домбыра,
«Өмір өтті» дегендей боп күрсініп.
Күмбір-күмбір күй төгіліп шанақтан,
Қан жылады біздің жүрек қан аққан.
Күздің түні күй үніне жұтылып,
Бозторғай боп шырылдады таң атқан.
Домбыраға шаба алмайсыз сіз балта,
Кепкен өңеш жұтатындай жүз малта.
Дастарханын жайды да жәй күрсініп,
Домбыраны іліп қойды қыз қалқа.





Пікір жазу