Диас, Мирас, Манас және Тәрбия кемпір
Сәби шақты еске алсаң күлесің де,
Әжем айтқан әдемі ән жүр есімде.
Үрпек басты үш сәби елбеңдейді,
Опырайған кемпірдің тізесінде.
Кемпірлері қазақтың паң ба тегі,
Бұйрықтары бұлжымай маңға өтеді.
Сол дәу кемпір үш ұлға бесіктегі,
«Ойнаңыз, деп қыздармен» әндетеді.
Қоздатқанда көп күндер сағынышты,
Сағыныштың бұл пенде қағын ішті.
Әкімдерге «Әй бала» дейтін кемпір,
Немереге бұл күнде бағынышты.
Тауық құсап қамдаған шөжелерін,
«Мен емес, деп қояды өзі өлерің»
Ұйықтай қалса бөбектер, күржеңдейді,
«Пісірейін шапшаң, деп, көжелерін».
Қайнылары кемпірге «бүкір» дейді,
Бүкір кемпір оларға түкірмейді.
Үш бесікті тербетіп кезек-кезек,
«Иә, Құдайым, бергенге шүкір» дейді.
Сары кемпір саспайды санасы тоқ,
Байпаңдайды бәрінің панасы боп.
«Мен өлмеймін әзірге», деп қояды,
Өлуге де бірақ та шамасы жоқ.
Тал бесіктер ырғала Бұлғақтайды,
Жүйрік көңіл тәубеге тұрақтайды.
Үш бесікті ұстатқан мырза Құдай,
Бір кемпірді әрине құлатпайды.