10.08.2022
  110


Автор: Рза Оңғарбай

Ана мен аруана

Аруана бауырында ажал құшқан жеңгем Роза Ғұбайдоллақызының әруағына
Өрістен аруана боздай келді,
Дауысы сай-сүйекті қозғай келді.
Желіге жетер-жетпес тоқтай қалды,
Бір аттап ілгеріге озбайды енді.
Жанары жануардың сауыс-сауыс,
«Не болды? Қарағым-ай, кәуіс-кәуіс»,
деп жеңгем түйесінің бауырына енді,
Сөз айтпай әйелдікпен артық-ауыс.
Ауа да тұнық еді күй сіңгендей,
Жануар ыңырсыды исінгендей.
Қос ана бауыр басқан, бауырласқан –
Көрініс әдемі еді сүйсінгендей.
Тамыры жануардың бүлкілдеді,
Ақпейіл алакөнек іркілмеді.
Машық қол мамасына майдай жағып,
Аппақ сүт ақ шелекке күрпілдеді.
Ынтымақ ырысыңды құрайды анық,
Ағам тұр ботаны ұстап, шырайланып.
Ышқынып кенет жеңгем құлап түсті,
Дүние кеткендей-ақ шыр айналып.
Басыңа заманақыр төнгенде ақыр,
Болады пәруана пендең пақыр.
Қасында ақтарылған ақ шелегі,
Малшынып аппақ сүтке жеңгем жатыр.
Желіде жемір бота жамырады,
«Мамалап» алты перзент аңырады.
Соққанда тағдыр дауыл тұтқиылдан,
Теңселір кетті ағамның шаңырағы.
Бұл қайғы жүк болғандай қара нарға,
Шалдығып, шаршағанмен шара бар ма.
Зауал күн ұмытылар артта қалып,
Уақыт жазбайтұғын жара бар ма?..
Түйе тұр аң-таң болған пішімдегі,
Кім ұққан сезімдерін ішіндегі.
Адамдар көнді ажалға, мойынсұнды,
Тек қана аруана түсінбеді.
Дерт болған тума-туыс, қауымына,
Төзер-ау жұрт қайғының ауырына.
Тек қана аруана сарнай боздап,
Жолатпай қойды ешкімді бауырына.
Зырлайды ұры уақыт оқтай көкем,
Көз жасы жылай-жылай тоқтайды екен.
Шіркін-ай, ақыл есті адам түгіл,
Жақсыны жануар да жоқтайды екен.
Көзіңе тығындаған тозаңды ұшқан,
Қатыгез тағдыр кейде тажал-дұшпан.
Жайыңыз жәннат болсын, жеңгем менің,
Аруана баурында ажал құшқан.





Пікір жазу