10.08.2022
299
АҚША ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Бүкіл әлем –әрекет,
Жатқандайын жоқ қарап,
Ақша деген пәлекет,
Алған бәрін ноқталап.
Басы артығын сатқан жан,
Қан базарға қатынап...
...Ақшаны ойлап тапқан жан,
Ең данышпан ақымақ.
Әркім үйде кешқұрым,
Ақша жырын толғайды.
Одан өткен жексұрын,
Болған емес, болмайды.
Ақшаң оттай жанады,
Жанға салып жарасын.
Алшақтатып барады,
Ағайынның арасын.
Қанша пақыр десек те
Жарлы да аштан өлмейді.
Ақша салған төсекте
Бай да көзін ілмейді.
Жарлы қалмақ қарманып,
Елден қалу ұнай ма?
Ал байыңның арманы,
Жақындамақ Құдайға.
Бір тыпыршу қайда да,
Жанталаса жұмыс қып.
Жарлыда да, байда да,
Жоқ әйтеуір тыныштық.
Жоқ болсаң да пақырым,
Көп болсаң да сорлымын.
Ақша деген ақырдың,
Қарашы сен зорлығын.
Аласарттың еңсені,
Ақша арсызсың, түсінгем.
Керек қылам тек сені,
Тәуелсіздігім үшін мен.