10.08.2022
141
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-08-09-12-23-55.png)
ГАЗЕТ САТЫП СҰЛУ ҚЫЗ ТҰР КӨШЕДЕ
Нарық сайқал сылаңдап жүр десе де,
Өмір жайлы жазылды жыр нешеме.
Жанарында кіреуке, сәл мұңы бар
Газет сатып сұлу қыз тұр көшеде:
- «Мұнда қызық мақала, наныңыздар,
Оқыңыздар, мінеки, алыңыздар», -
деп газетін әркімге ұсынады,
Бұл көрініс құйғаны жаныма ызғар.
Салғаннан соң салмағын сұм ғасырың,
Әркім тапқан тірліктің бір тәсілін.
«Ізгілік пе, жоқ әлде, күн көріс пе?, -
дедім қызға, шырағым, бұл кәсібің?»
Деді сұлу: «Газеттің көп дерегі...
Қалжыңыңның, ағажан, жоқ керегі»...
Қатқыл шықты дауысы, заманға емес,
Маған сол қыз бекер-ақ өкпеледі.