10.08.2022
  104


Автор: Рза Оңғарбай

ШЫРША ТАҒДЫР

Өмір өзі алға сүйреп уақытты,
Шырша келді тағынып ап жақұтты.
Ескі жылды шығарып сап жөнімен,
Жаңа жылға тілейді жұрт бақытты.
Адам қашан қызығыңа тоя алған?
Әр кеудеде бір-бір тілек оянған.
Ақ тілеудің сияқтанып тұмары,
Шыршамыз тұр мың сан түске боянған.
Баурап алып барша жұрттың санасын,
Әсем шырша, көздің жауын аласың.
Бар өмірің түн жарымы ауғанша,
Сосын ұмыт, күл-қоқыста қаласың.
Қуанышта қайғыны ойлау тосын жай,
Дегенменен бар тірлігің осындай.
Қатысам ба келер жылғы шыршаға?
Жауап берші, ей жүрегім, шошынбай.
Баянсыздан талай сынып жүр сағым,
Мәңгі сөнсе, жарық қылар кім шамын?!
Жарым түнде таусылатын жарығы,
Тағдырынан сақтасын да шыршаның.





Пікір жазу