10.08.2022
  135


Автор: Рза Оңғарбай

НЕ ҚАЙРАН БАР

Азап-мехнат оңыңда, солыңда бар,
Бақыт кімнің айтшы сен, қолыңда бар?
Жүдеме сен, бауырым, жүнжіме сен,
Адал болса ақ тілеу орындалар.
Сүйе алмасаң өмірің нала, көкем,
Сүйгендердің сезімі ала бөтен.
Махаббаттың негізгі адалдықта,
Онсыз көңіл қарайып қалады екен.
Көнбей тентек тағдырдың салғанына,
Ұмтылады адамдар арманына.
Сенгің келмес, дүние-ай, сенгің келмес,
Бұл өмірдің баянсыз жалғанына.
Ұры уақыт ұстатпай тайқып берер,
Бұл өмірде қауіп жоқ айтып келер.
Аттанғанда ең соңғы сапарыңа,
Таба алмассың жолыңды қайтып келер.
Аз тірлікті амалсыз малданасың,
Жалғаншыдан аяусыз алданасың.
Не қайран бар? – достарың айтып жүрер,
Бір әсем ән артында қалмағасын.





Пікір жазу