10.08.2022
  185


Автор: Рза Оңғарбай

ДИАЛОГ

- Аға, неге өлеңді жай бастадың?
Қиын енді жыр-төрге жайғаспағың.
- Игіліктің болмайды ерте-кеші,
Не де болса жыр менің таймас бағым.
- Көп пе әлі де, ағажан, көрмегенің?
Жырыңыздан сезбедім өрлеген үн.
- Көрмегенім көп, рас, қарлығашым,
Ала алмадым Құдайдың бермегенін.
- Жарқыратып жыр жазбай айнадайын,
Сіз табасыз мұң болса қайда дәйім.
- Түсінгенмін өмірдің жалғандығын,
Содан бері мұң жолдас, айналайын.
- Жыр өлкесін талайлар шиырлады,
Шаңы шұбап барады қиырда, әні.
- Жүгіргендер алмайды жыр жүлдесін,
Алады оны, батшам-ау, бұйырғаны.
- Сері жігіт, сабылып, іздеген қыз –
Махаббатқа жанбысыз, сіз деген мұз?
- Махаббатсыз дүние қараң, қалқам,
Бірақ, менің ғашығым «жыр» - деген қыз.
- Бұйырмасқа, ағажан, қол артасың,
Кім жыр жазса болмақ па солар Қасым? -
деді-дағы сұлу қыз сырт айналды,
Күдірейтіп өкпелі жон арқасын.





Пікір жазу