10.08.2022
170
ДҮНИЕ-АЙ...
Көзімнің алды мұнар-мұң,
Көбеңсіп қалған.
жанымды менің ұғар кім?
Қызығың кеміп, қисынсыз,
Қиғылық салған, дүние-ай,
Сонда да саған құмармын.
Ажалға қарсы тұрармын,
Мәңгілік өмір,
Мойнымды саған бұрармын.
Кетеуі кеткен тірлікте,
Қимайтын нем бар деп сонда,
Жанымды қинап сұрар кім?!
Айрылып жұртым парықтан,
Талқажау қылар,
талқанын таусып тарыққан.
Ілгері тілеу ізгі жұрт,
Жалтаң да жұлтаң қарайды,
Үмітін үзбей нарықтан.
Болса да кезім жабыққан,
Аумаспын атпал,
азамат, еру қалыптан.
Қатепті қара нар сынды,
Қаптаған қара ормандай,
Кімің бар ұлы халықтан?!
Сыпырып мұңын мұнардың,
Жалынды жырмен,
жарқырай бір күн шығармын.
Қызығың кеміп, қисынсыз,
Қиғылық салған дүние-ай,
Бәрібір саған құмармын!