10.08.2022
  79


Автор: Рза Оңғарбай

ТҮН

Ұмытып ит тірлігін күн санаған,
Тыныстар тәубе түнде мың сан адам.
Даланың далиғанмен етек-жеңі,
Түн басты төңіректі тұмшалаған.
Ылдидан ымырт деген сұмың қашты,
Қара түн жарық күннің қыбын басты.
Көрісіп қайтайық деп Ай апаға,
Жұлдыздар жылт-жылт етіп жымыңдасты.
Бөрі ұлып адырлардан жырақтағы,
Тірілді таулы өңірдің бұлақтары.
Самалдың салған әнін тыңдай қалды,
Салбырап тау біткеннің құлақтары.
Жарқылдап жасын ойнап, жалт құлаған,
Күркіреп аспан түбін қаққылаған.
Алланың ақ бұйрығы деп ойладым,
Ібіліс, малғұндарды атқылаған.
Күндерін күйкіліктің күпір делік,
Дегенмен, көрінгенге түкірмелік.
Жерде өзің, аспанда Алла, басқа жан жоқ,
Түннің де барлығына шүкір делік.





Пікір жазу