АУЛАДА
Самал қырдың сағынып саумал әні,
Ала жаздай аптаптың аумағаны.
Шаһарлардың кешқұрым, шілде айында,
Басталады тірлігі ауладағы.
Тас қорадан шыққандай қозы ағыла,
Аула айналар тірліктің базарына.
Кештің құрым көз салсаң айналаңа,
Көп нәрселер ілігер назарыңа.
Кісі қарап тұрғандай келбетіне,
Келіншектер шығады тербетіле.
Қосқаттаған құлжадай дәу еркектер,
Балкондардан түседі жер бетіне.
Қай-қайдағы ой тербеп көңілдерін,
Сылп еткізіп қойып бір еріндерін.
Екі кемпір бір шетте оңашалау,
Жамандауға кірісер келіндерін.
Бірі ілгері ұмтылып, бірі кері,
Бала біткен доп қуып, жүгіреді.
«Доп ойнаған тозар» - деп мақал айтып,
Ақсақал қарт қаралай түңіледі.
Көкіректе қыр жайлы қоздап әнім,
Көппен бірге мен де жәй қозғаламын.
Кең ауламыз тар болып, қарындасқа,
Қиялы ұшар қиянға бозбаланың.
Үйде отырсам қамалып, зерігем де,
Қосыламын қала – өмір керуенге.
...Тұлпар мінер теңселіп текті азамат,
Ит жетелеп шығады серуенге.