10.08.2022
  107


Автор: Рза Оңғарбай

ҚЫЗЫЛ ТАМЫР АСПАНДА АЙ ҚАЛҚИДЫ

Қатын кетті ілесіп қалашыға,
Шүршіт пенен кәпірдің қаласына.
Шырылдап жүр бейшара шыжық болып,
Жем тасыған торғайдай баласына.
Қалжыраған қарттардың құса халі,
Ақыл ойлы алғаусыз тұсалады.
Арыстандай азамат түңілгесін,
Ішіп кетті құтырып күшәланы.
Толар емес жемқордың жалмауызы,
Қарақшының қақпандай қанды ауызы.
Шалынады кімдердің құлағына,
Шырқыраған халқымның жан дауысы.
Әлі де алып болмаған құны бардай,
Енді келер ғасырдың сыны қандай.
...Қызылтамыр аспанда ай қалқиды,
Көкке қарап көк бөрі ұлығандай.
Қанжылаған жүрекке жыр сіңеді,
Анам байғұс амалсыз күрсінеді.
Азу тісі ақсиған көкбөрінің,
Тұрпатынан тұла бой түршігеді.
Адам азды, шайтандар арбады ма?
Әлде солай құдайы қарғады ма?
Күпірлікке жердегі беті күйіп,
Ай тығылды бұлттардың аржағына.





Пікір жазу