10.08.2022
  101


Автор: Рза Оңғарбай

КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ

Көп қабат үйім ер кеуде,
Тапқанбыз тұрақ қаладан.
Інінің аузы біреу де,
Илеуі көп-ақ тараған.
Жетеді мұнда халқың да,
Тұрғындар біздің бірталай.
Қабағы бірақ салқын да,
Өздері кілең сырторай.
Сырласып бөліп бір күнді,
Әңгіме құрсақ несі мін.
Итінен қорқып шіркіннің,
Аша да алмайсың есігін.
Көңілін ешкім бөлмейді,
Жапанда қалған жандайсың.
Саған да ешкім келмейді,
Ешкімге сен де бармайсың.
Белгілі іс – несін жасырдық...
Тұрғандай мұнда жат халық.
Әрбір үй орта ғасырлық,
Сияқты бір-бір патшалық.
Жори бер, мейлің, ерсіге,
Болып жүр маған сол қайғы.
Шақыру келмей көршіге,
Кіруге мүлде болмайды.
Айқайлап, шулап, қарлығып,
Аулада кілең боқмұрын.
Дос болып алған барлығы,
Біздерден мынау көп бұрын.
Жат қылық жүрек тілкемдер,
Батады қатты сол маған.
Үлкендер, шіркін, үлкендер,
Бала да құрлы болмаған.





Пікір жазу