10.08.2022
  133


Автор: Рза Оңғарбай

ӨМІР-АЙ...

Өмір-ай, жөні бөлек желуіңнің,
Ойласам өзі қиын сенуімнің.
Қош боп тұр, қайран жастық, бүгін, міне
Қақпасын қағып тұрмын елуімнің.
Аз емес сол жылдарда сүрінгенім,
Әйтеуір, мен өмірден түңілмедім.
Абайлап, ат шалдырып, қыр басында,
Кідіргім келер еді бүгін менің.
Жақсыны жат та болса жақын дер ем,
Кезім жоқ ешкімнің де хақын жеген.
Өмірден риза боп өтер едім,
Арыма дақ түспесе ақын деген.
Жүріппін жайлауында шарлап көппен,
Демессің мұның өзі заржақ неткен.
Келемін көңілсіздеу мен оралып,
Жастықтың базарынан тарқап кеткен.
Сұлулар енді бізге қарар ма екен?
Бұл көңіл желпінуге жарар ма екен?
Жастықтың ауылынан аттанғасын,
Белгілі енді біздің барар мекен.
Жалған-ай, кім құтылған құрығыңнан?!
Табиғат, жаңылмассың ғұрыбыңнан.
Ей, Жастық! Енді сұлу балдызымсың,
Сипармын әлі сенің бұрымыңнан.





Пікір жазу