АҚЫН ДЕГЕН ХАЛЫҚ БАР...
Сәл нәрсеге сәбидей иланатын,
Халқын ойлап қамығып, қиналатын.
Ақын деген халық бар кейде өмірде,
Ақымақтан азаңдау сыйланатын.
Құбылыс жоқ өзегін өртемейтін,
Көрсеңіз ғой сіз оның серке кейпін.
Ақын деген халық бар бала мінез,
Баладай-ақ еліне еркелейтін.
Бар тапқаным халқыма – көпке дейтін,
Жырдан жаңбыр жаудырып, төкпелейтін.
Ақын дейтін халық бар бейнетқорлау,
Еленбесе еңбегі өкпелейтін.
Сұмдығы жоқ секемшіл сақтанатын,
Шабыттанса шалқитын, шаттанатын.
Ақын деген халық бар алдап қойсаң,
Аңқылдайтын, мәз болып мақтанатын.
Іздемейтін жақсы орын, жайлы күнді,
Арқалайтын әлемдік қайғы-мұңды.
Ақын деген халық бар тәркі дүние
Шашу үшін жинайтын байлығыңды.
Жасамаған жат мінез қолдан олар,
Тәкаппармен тірессе долдана алар.
Ақын деген халық бар, шын кейісе,
Анау-мынау тентегің жолда қалар.
Кездері бар тасыса шарқ ұратын
Жаны жүдеп жасыса сарқылатын.
Ақын деген халық бар сұлу көрсе,
Магниттей металға тартылатын.
Пақыр менен мүскіннің панасындай,
Көсілетін кең байтақ даласындай.
Ақын деген халық бар сүйген жарға –
Тұмса туған өзінің баласындай.
Ақын туса халқым-ау, сүйіне гөр,
Берекелі болсын деп биік өнер.
Ақын деген халық бар өлмейтұғын,
Өлсе мүмкін от жырға күйіп өлер.