10.08.2022
  147


Автор: Рза Оңғарбай

ТЕЛЕДИДАР

Теледидар, жаңа заман мұрасы,
Сені мүлде жақсы көрем, расы.
Әрбір үйдің қақ төріне шығып ап,
Шалқытып бір сауық-сайран құрасың.
Күмпілдейсің кейде құлақ тұңдырып,
Мәз қыласың аңқау жұртты күлдіріп.
Мұның бәрі ештеңе емес, кей-кейде,
Алатының жаман-дағы бүлдіріп.
Мақтасам да сені тапқан ғасырды,
Көрген жоқпын сендей тентек тасырды.
Әне, қара, лыпасы жоқ бейбаққа,
Арыстандай бір әумесер асылды.
Ұялғаннан именшектеп, бұғасың,
Шамалыда бітпес іс қой, ұғасың.
Бала-келін қозғалмасын сезген соң,
Амалсыздан балконға атып шығасың.
Іс басқарған жігіттерде түйін кем,
Соны көріп кездерім көп күйінген.
Теледидар, тәртіпке кел, өтінем,
Қуа көрме мен байғұсты үйімнен.





Пікір жазу