ЖАҢА ҚАЗАҚ
...Кешегі күн жыр дескен, дастан дескен,
Болып кетті бұл күнде астан-кестен...
Сенбесіңе болмайды, ортасында,
Өзің жүрсің барлығын бастан кешкен.
Ағылады алапат сөздер легі,
Оңай ма еді өмірдің өзгермегі?!
Өңің түгіл түсіңе кірмес нәрсе,
Болып алды күн сайын көз көрмегі.
Қосыламын қу жүрек қәне кімге?
Не боп жатыр әумесер әлемінде?
Қайыр, сауап қазақтан қашып кетіп,
Сатып берер түрі бар сәлемін де.
Әркім мінер болды ғой өз кемесін,
«Ортақбайым» сен қашан өзгересің?
Жүрсің бе әлі даурығып, өкпелеумен,
Өткен күннің оралтып көзге елесін.
«Салпақбайым» сен неге сенделесің,
Кім боп кетті кешегі кеңкелесің?
Жел жағыңнан өткен кім шаң боратып,
Желден жүйрік жүйткітіп «Мерседесін».
«Шатақбайым» сен неге шыңғырасың?
Шыңғырғанда айтшы не тындырасың?!
Заман түсіп топырыш торыңыздан,
Ерттеп жатыр жын мінез сұңғыласын.
Тасқа ұрсаң да басыңды күнде мейлі,
Сортаң бақта сәмбі тал гүлдемейді.
...Тіршіліктің тетігін тауып алған,
Жаңа қазақ жылмиып, үндемейді.
Ешкімді де келмейді табалағым,
Жаңа қазақ, қандайсың жаңа адамым?
Тиер ме екен бір пайдаң ел-халқыңа,
Желі оңынан ескенше замананың?..