10.08.2022
  117


Автор: Рза Оңғарбай

ЖАЛЫНДЫ ЖЫР, ӘСЕМ ӘН...

Еркелеген сұлу қыз бұраң қағып:
- Сағынғанда серіні бір аңсалық,
Мықты болсаң, жігітім, қане маған,
Берші,-деді, әдемі бір ән салып».
Биік өнер жігіттің болды арманы,
Тебіреніп сол жерде толғанғаны.
Ақтармақ боп жан сырын жүрегінің,
Домбыраны жігермен қолға алғаны.
Ғашықтарға қашанда өмір нұрлы,
Күмбірлетті көрікті көңіл жырды.
Жүректегі айта алмай жүрген сөзін,
Әсем әнмен әуезді төгілдірді.
Өнерпаздың ән болар анық бағы,
Қиялы да қиянға шарықтады.
Махаббат деп аталар асыл сезім,
Әнге айналып сол жерде қалықтады.
Асыл сезім қандай пәк мөлдір еді!
Естіген жан сол әнді елжіреді.
Абыроймен орындап қыз тілегін,
Үкім күтіп ол енді телміреді.
Қол жеткендей жұлдызға аспандағы,
Қыз құлады құшаққа, жасқанбады.
Жалынды жыр, әсем ән, нәзік сезім,
Махаббаттың екен ғой баспалдағы.





Пікір жазу