10.08.2022
122
АЙЛЫ ТҮН, АЙМЕН СЫРЛАСТЫМ...
Күн батып қараңғылық,
Торлады төңіректі.
Көңілді алаң қылып,
Бір күндік өмір өтті.
Ала бұлт қаптай шығар,
Ұласып керуенге.
Ай сұлу таппай сыңар,
Шықты өзі серуенге.
Сырымды, ей, сұлу ай,
Сен қашан ұғынасың?
Ұялшақ үркек қыздай,
Бұлттарға тығыласың.
Жарқ етіп шыға келіп,
Жайнаттың үкі түнді.
Ширығып шыдам, ерік,
Жалғадым үмітімді.
Алыста тұншығып ән,
Жастық шақ жарасады.
Қулықтың қырсығынан,
Айғырлар таласады.
Бөрі ұлып, салды әрекет,
Дауысы тосын қандай.
Ішімде бір бәлекет,
Соларға қосылғандай.
Сар желіп, жетіп мұрсат,
Салғандай құлан ойын.
Тітіреп кетті бір сәт,
Сірескен тұла бойым.
Жылжиды үміт айым,
Мұң айтам мұраттасқа.
Жүректі жылытайын,
Ай ару бір от таста.
Пәс көңіл мауқын басар,
Ай сұлу келбетінен.
Қайтейін табылмаса,
Жылылық жер бетінен.