10.08.2022
  109


Автор: Рза Оңғарбай

АҒАНЫҢ ҮЙІНДЕ

Талма түс, күн жексембі, шөл қысқаны,
Досы бар ер жігіттің бар дұшпаны.
Бір ағай тап болды да, ере кеттік,
Бетке ұстап баяғы бір жол нұсқаны.
Жеңгеміз қылықты екен ерке керім,
Көлдей қып жайып салды көрпелерін.
Сонан соң домбыра әкеп, дегені ғой,
«Қайнылар босқа отырмай, шерте берің».
Жеңгеміз дегеннен соң «шерте берің»,
Күйші дос, бар еді деп, тер төгерім.
Қолға алып домбыраны құтыңдады,
Мінгендей қолбайырғы кертөбелін.
Құлағым бұл күйшіден сан жауырдың,
Қабағы түсіп кетер халі ауырдың.
Көзіміз жарқ еткендей болды-ау деймін,
Ызыңы естілгенде самауырдың.
Ұятқа кезек тимей қорғалады,
Қара тер самайлардан сорғалады.
Күйшінің арқа басы кеңігесін,
Саусағы саға бойлай жорғалады.
Қуы ғой көпшіліктің қоғам атты,
Ағамыз шамамызды жобалапты,
Жантайып жата кетіп, әрмен қарай,
Босаған бөтелкені домалатты.
Бұдан да келтіргейді қазаңды оқтан,
Күпілдеп шығушы едің жазаң жоқтан,
Адайдың күйі жоқтай құдайатқыр,
«Тартайын дегені ғой Қазанғаптан».
Күткендей осы бір сәт кереметті,
Жеңгеміз ерекше бір елең етті.
Күйшімнің берекеті кетіп отыр,
Қуғандай қолға түспес көбелекті.
Білді ме жыға алмасын сірә нарды,
Кенеттен басын сілкіп тұра қалды.
Жеңгеміз осы сәтте: «Кәне қайным»,-
деді де домбырасын сұрап алды.
Жарқытып құлағында қос сырғаны,
Желпінтіп жебе күйді жостырғаны.
Қайран дос тесік болса кіріп кетіп,
Орныңның жақсы еді ғой бос тұрғаны.
Құдайдың ұруын-ай қақ төбеден,
Жеңгеміз болып шықты Ақтөбеден.
Қырсықты қарасаңшы сол әйелдің,
Кім білген күйші екенін ақпа перен.
Өгіздей отын артқан үйретіліп,
Қабырға қалғандай бір күйретіліп.
Сол үйден әрең шығып, кеттік біздер,
Оқ тиген сұр қасқырдай сүйретіліп.





Пікір жазу