САҚТАҒАН ШАЛ
Шаруадан қолдары еш босамаған,
Келер күннен бір медет тосады адам.
Ойда жоқта әбігер болғаны жұрт,
Боз мая жоқ желіде бошалаған.
Жүргенді жұрт аңдумен төзіп көптен,
Кеше кеште-ақ ыңырсып сезікті еткен.
Әдеті еді ботасын қызғанатын,
Міне тағы бошалап, безіп кеткен.
Көк аспанда көгілжім нұр айналып,
Күннің көзі тұрған-ды шырайланып.
Сақтаған шал бүкшеңдеп қырға тартты,
Алды-дағы желіні бір айналып.
Жібермеген жан еді жүзге есесін,
Оған таныс бар тірлік түзде өсетін.
Шиліқұдық. Сартас пен Шытшадағы,
Көзі тірі жалғыз шал із кесетін.
Күпірлікті мұндайда аластайды,
Ерегісіп ешкіммен таласпайды.
Жоғыңыздың ізіне бір түскесін,
Енді қайтып ол сірә адаспайды.
Жоқтың ізі жантақты сайлар ма екен?
Әлде қатқыл тастақ па, қайраң ба екен?
Сәкең үшін бәрі бір, қай кезде де,
Жүрегінде жаттаулы қайран мекен.
Төл өргізген ел ғой бұл қар-мұзда аман,
Енші бопты ізшілдік жалғыз саған.
Бүкшең қағып келеді қырағы қарт,
Жол жатқандай алдында аңдыздаған.
«Табылардай бошаның түзде амалы,
Тарпаң түйе түлігін қызғанады»,-
деп Сәкең шал дізерлеп отыра қап,
Көк тастан да мүк басқан із қағады.
«Алдаған жоқ көздерім, шүкір, мені,
Алған да жоқ қол салып кісі іргені»-
деді -дағы құлатып Шұқыройға,
Жоғымызға төбеден түсіргені.
Ел тілегін сол шалың екі етпейтін,
Қояндай-ақ жым қуған секектейтін.
Жұрт аңыз қып айтатын «Сақтағанның,
Бар деп қызыл түлкісі жетектейтін».
Маңғыстаудың даласы қаптаған жал,
Бұрынғылар білмесе бақпаған мал.
Жүз түйені ізінен ажыратқан,
Шытшадағы түйекеш Сақтаған шал.
Деп ойлама «жүрміз-ау көп біліп біз»
Табиғатты ұқпайсың тектіліксіз.
Көкіректе тағы бір көз болмаса,
Маңдайдағы екі көз жеткіліксіз.