«АҚҚУЛАР ІҢКӘР БОЛҒАН ҚҰТ МЕКЕНІМ...»
Бірінші жыр
Жинаған бір бойына бар асылды,
Ақтауым, ару кейпің жарасымды.
Қаншама қиындықтар қинаса да,
Өзгерте алмаспын көзқарасымды.
Қаланың қызықтырмас қалпы кімді?
Сұлуға сұқтану да салт ырымды.
Көз тастап көк аспанға керілесің,
Айдынға аймалатып балтырыңды.
Жалыны жастық шақтың тасып ұшты-ау,
Қаланың қойыны – құт, басы – қыстау.
Қытымыр қыстан хабар келген бойда,
Күз шіркін кетіп қалды асығыстау.
Ісі жоқ бақытында байлығында,
Аққулар қалып қойды айдынында.
Қанатың маржан таққан мұзға қатып,
Қалмасаң болар еді қайғы-мұнда.
Әлде сен үйрендің бе көнбістікке,
Сүюден сұлулықты кем түстік пе?!
Аққу құс айналайын, айтшы маған,
Сен неге ұшпай қалдың оңтүстікке?
Көргіңіз келеді ме тамашаны?
Қырда Ақтау – айдында аққу қарашы, әні,
Текті мен тәкаппарлық түсінісіп,
Салтанат сұлулықпен жарасады.
Көңілді мен қалайша күпті етемін,
Қашаннан елге мәлім мықты екенің.
Қаймықпай қиындықтан құлпыра бер,
Аққулар іңкәр болған, құт мекенім.
Екінші жыр
Аруым. Ақтау қалам, сүйемін бек,
Мақтанам мен өзіңе иемін-деп,
Қадірің арта түсті-ау, құт мекенім,
Өзіңе аққу құстай киелім кеп.
Мен қашан сұңқылынды сағынбадым.
Сен келіп айдыныма дамылдадың.
Тербелші, тербетілші,
ұшып кетіп,
Үзбеші жүрегімнің тамырларын.
Жүрегім іңкәрліктен жүр арылмай,
Тарқамас ғашықтықтың құмарындай.
Қалқышы қамкөңіл құс, айдынымда,
Қорғайын егізімнің сыңарындай.
Көңілдің көксегені болмай қалып,
Замана құбылса да, жанбай жарық.
Әйтеуір мен білетін бір ақиқат,
Аққулар тегін жерге қонбайды анық.
Үшінші жыр
Ақтаудың арайына табындың ба?
Тағдырдың салғанына бағындың ба?
Аққу құс, талмай ұшып тағы жеттің,
Әлде сен туған жерді сағындың ба?
Қонуға бағыт түзеп ойланасың,
Қалықтап айдынымды айналасың.
Қорқамын қанаттарың қырда үзіліп,
Қалмаса болар ед деп, сайда басың.
Меңгерген сырын қулар жер астының,
Жүректі жаралайды зар ащы мұң.
Қастерлім қапылыста кетті талай,
Қанды ауыз қоржынында қарақшының.
Серпілмес сілкілеп бір алмасаң жұрт,
Дүмбілез дүмше деген далбасаң қырт.
Адалдық қор болғанда кетеді екен,
Аққудың қанатына қарға саңғып.
Арбаған аждаһадай заманды ұқтым,
Керегі болмай қалды маған түктің.
Жанымды ең болмаса сен түсінші,
Аққу құс – тәңірісі адалдықтың!..
Төртінші жыр
Ақтауым, сен аршын төс ару ма едің?
Сағынсам жүрегіме дәру ме едің?
Сен жайлы айтылатын ән мен жырға,
Әйтеуір ақ көңілім зәру менің.
Жанымның жадыратар желегісің,
Керемет кенттерімнің ерегісің.
Мен толқып тебіренсем, еміренсем,
Айтатын әңгімемнің дерегісің.
Атағың жарты әлемге жайылғасын,
Базарлы бақытыңнан айырмасын.
Күй тартсам күмбірі сен домбырамның,
Ән салсам әуенімде қайырмасың.
Көрген де, көрмеген де сағынады,
Алда ғой ажарланар шағың әлі.
Ақтауым, сені бетке ап аспанда аққу,
Айдында ақ кемелер ағылады.
Десем де бақытыңа қол асамын,
Айдының алқаракөк тола сағым.
Еліңе алтын қақпа болып ертең,
Бүгіннен зор деп сенем болашағың.