АҚТАУ МЕН ҚАРАТАУ
Орын тепкен ұлының жүрегінен,
Туған далам тұмарлы тілегім ең...
Бұл Маңғыстау тұрады орман, көлсіз,
Қаратау мен Ақтаудың сілемінен.
Бірі баран, ал бірі бапты қылаң,
Ғасыр асып қос тұлпар шапқылаған.
Пайда болған деседі Қаратауды,
Лавалардан ақжалын атқылаған.
Ал Ақтау ма? Ақтаудың жөні бөлек,
Сұлулыққа өн бойы толы дер ек.
Қаратаудай қайсар ұл қамықпасын,
Деп Алламыз жаратқан болу керек.
Қымбат болып бәрінен ғайыпты сәт,
Ақтау менен Қаратау жайып құшақ,
Бір-біріне, беу, дүние-ай, ұмтылады,
Ақбөбек* пен арманды Қайып* құсап.
Ақтау жағар ару түн шырақтарын,
Қаратау да тігеді құлақтарын.
Таусылғанда шыдамы, солай қарай,
Жүгіртеді бұйығы бұлақтарын.
Азаппенен өтердей өмірі нақ,
Қаратаудың көшінің қомы құлап,
жатырғанда,
Ақтау қыз сақ-сақ күлер,
Атырауға армансыз шомылып ап.
Сонан кейін, шіркін-ай, керіледі,
Сұлулығы не деген керім еді?!
Осы сәтті күткендей жел кеуделі,
Жігіт-бұлттар жан-жақтан желігеді.
Ару қыз-ай, соншама әккі ме едің?
Ер жігітке келеді бақ тілегім.
Қаратудың намысын қайрап-қайрап,
Созбай қойды бірақ та ақ білегін.
Мәртебесін Ақтаудың биіктеткен,
Тәкаппарлау сұлулық сүйікті еткен.
Ғашық жүрек мәңгілік маздай-маздай,
Қап-қара боп Қаратау күйіп кеткен.
Табиғат та тағдырға бағынышты,
Ыстық жүрек, қаншама алып ұштың.
Сарғылт жондар таулардың арасында,
Белгісіндей сарғайған сағыныштың.
Екі тілек мәңгілік қабыспады,
Екі жүрек мәңгілік табыспады.
Қол созым жер болса да аралары,
Бір-біріне арман боп алыстады.
Жанғанменен жүректер шамдай жарық,
Тірлігінде жолдары болмай налып.
Екі ғашық мәңгілік қосылмаған,
Қатып қалған сияқты тауға айналып.
Таулар болар айбары бұл ғаламның,
Ажары боп айшықты тұр даламның.
Қаратау мен Ақтаудың телқоңыры,
Жырға құмар жүрегі бір балаңмын.