КҮП
Соғыс та сұрқай түрге енді,
Жара көп жердің бетінде.
Бар еді сондай бір белгі,
Біздің ауылдың шетінде.
Арылмас мәңгі күнадан,
Соғыста бар ма ереже?!
Ауылым менің дін аман,
Сыныпты аз-мұз терезе.
Бос қалып ауыл қорымы,
Қашыпты тауға адам көп,
Бомбаның сол бір орыны,
Қазылып қапты апан боп.
Жанында бар-ды бір бұлақ,
Саясы ед жанның ол тұрған.
Күні-түн ағып, сылдырап,
Шұқырды сумен толтырған.
Шілденің шаңқай түсінде,
Кімің бар жанды күтпеген.
Сол шұңқыр елдің ішінде
Бір атақ алды «Күп» деген.
Ойнамай қалай тынамыз,
Балалар неге қарасын...
Күп қылып алдық мына біз,
Соғыстың сол бір жарасын.
Сол шұңқыр сыйы, шамасы,
Ұсынған жаратқанымыз.
Таушықтың бүкіл баласы -
Сол күптің моряктарымыз.
Айнадай жарық ажары,
Әлемде көлдер көп дейді.
Балалығымның базары,
Сол күпке бәрі жетпейді.
Соғыстың ізі – қайғы мұң...
Сол күп ед бізді түлеткен.
...Алғашқы түскен, айдыным,
Өшпессің, сірә, жүректен...