МЕН БІЛЕТІН МАҢҒЫСТАУ
Бұл өлкеге келмеді, өтпеді кім,
Өткенімді зерттейтін көп пе еді ілім?
Маңғыстауды «Маң» «Қыстау» деп жорыған
Ғалымдаға шындығы өкпелімін.
Ей, ғалымдар, белгілі жайың маған,
Сырын саған ашқан жоқ сайын далам.
Келіспеймін білгішпен және де мен,
«Мың қыстау» деп өлкемді пайымдаған.
Білгіштер ме? - сөзден сөз құрады олар,
Қалай жазса солай сөз тұра қалар.
«Маңғыстау» да емес ол «Мыңғыстау» да
Мың ғажаптың мекені бұл аралар.
Қағаз жазып күні-түн құнжыңдапсың,
Келеді ме шештім деп шынжыр таққың?
Білгің келсе айтайын бұл – өлкесі,
Жауабы әлі белгісіз мың жұмбақтың.
Кескілескен көп болған мұнда қырғын,
Беті күйген қан ұйып шым тақырдың.
Айға білеп азуын арпалысқан,
Мекені бұл жау жүрек мың батырдың.
Қайран өмір, бейбіт таң, туатын күн,
Көзі болар қайнарлы қуатыңның.
Қашағанша қапысыз жырлап кеткен,
Мекені бұл марқасқа мың ақынның.
Ақын жүрек алмайды ылғи тыным,
Бар болса егер тыңдашы шын түйсігің.
Жарысқанды жаңылтқан, жолға тастап
Мекені бұл дәулескер мың күйшінің.
Жөні бөлек қысылып, қымсынудың
Махаббатқа мас болып, тұншығудың,
Мекені бұл алма бет, ай мандайлы
Ақбөбектей ажары мың сұлудың.
Бергені ме белгісіз бір бұйрықтың?-
Білген бабам қадірін қыл құйрықтың.
Бәсекелі бәйгеде топ жаратын
Мекені бұл желжетпес мың жүйріктің..
Мекені бұл мың таудың дамылдаған,
Байлығының мұрты әлі шағылмаған.
Жаңғырық жүр шындардың арасында
Болашағын өлкемнің дабылдаған.
«Аңғал өлке есігін қаусырмаған»
Деп айтады мұжылған тау сыр маған.
Мың дарынның өлкесі бұл Маңғыстау
Айтайтыны әлі де таусылмаған.
Әр төбенің басында толы дерек
Ертелі кеш ерінбей шолу керек.
Мен сенбеймін «қайқысын жетеу», - десең
Жетпіс жеті кемінде болу керек.
Керегі жоқ ұжмақтай ұяның да,
Ірілікпен осынша сиямын ба?!
Мен білетін Маңғыстау артық, кемсіз
Тап осындай перзенттік қиялымда.