10.08.2022
  99


Автор: Рза Оңғарбай

ЖЕЛ

Көтерілдім басына құба жалдың,
Келген еді өзімді сынап алғым.
Ерке самал есуге ерінгендей,
Бір желп етпей,
сен неге тына қалдың?
Жанарымнан жалтылдап дала тайып,
Тауларды бір таңдантып,
қаратайын,
Соқшы қане ескек жел, сен еркелей,
Көкбестінің кекілін таратайын.
Ойламаймын торығып, тынар-ау деп,
Дала!
Жаным өзіңе құмар-ау бек!
Қыр басына шыққанда,
қызыл жел, сен,
ойлап едім алдымнан шығар-ау деп.
Соқшы қәне,
шаттана шапқылап шын,
Селк етті, әне,
сеңгірлі саққұлақ шың.
Қаратауын Таушықтың қалқи өтіп,
қытығына тиейік ақбұлақтың.
Ей, ерке жел,
ұмтылшы, қалыс қалма.
Мен қалсам да
сен қосыл жарыстарға,
Жол кешпеген жырымды жолдас қылдым,
Ала кетші армандай алыстарға.





Пікір жазу