10.08.2022
  104


Автор: Рза Оңғарбай

ЗАЛАТАЙ – ҚОЖЫМ, БОЗІНГЕН

Балалық шағымыз-ды көз ілмейтін,
Кешқұрым бір мұңды саз безілдейтін.
Гармоншы кейуана Залатай да,
Тыңдаушы қара шалы Қожым дейтін.
Сол кемпір сол әуеннен жалықпайтын.
Шешеміз деуші ед бізге «барып қайтың»
Тыныш түн, мал маңырап, ит үрмеген,
Шерлі әуен ауыл үстін қалықтайтын.
Сыйлы еді ауыл елдің аумағына,
Жоқ еді ел ішінде жаулары да.
Сол әуен қалқып барып тірелетін,
Таушықтың мүлгіп тұрған тауларына.
Кемпірдің құдыретті пошымы әлі,
Кей-кейде гармонына қосылады.
Сұр мысық дізесінде Қожым шалдың,
Суыған қара шәйнек мосыдағы.
Дастархан ашық қалып, жиналмайтын,
Екеуі оған ешбір қиналмайтын.
Бұйырған жылы-жұмсақ, тәттілермен,
Бір бала қалмаушы еді сыйланбайтын.
Бұл көңіл алмас, сірә, тозбай тыным...
Сол бір саз жан-жүйеңді қозғайтұғын.
Гармонын сәл кідіртсе, желідегі,
Боз інген ботасы өлген боздайтұғын.
Табиғат таппай қуат сілкінетін,
Таулардың сілеміне жыр сіңетін.
«Құдай-ай бір перзентке зар қып қойған»
деп әжем көзін сүртіп, күрсінетін.
Залатай сырнайдан саз құлататын,
Сол күйді Қожым шал да ұнататын.
Қос мұңлық, желідегі боз інген боп,
Байғұстар бірін-бірі жұбататын.





Пікір жазу