АЙДЫН ЕДІҢ...
Маңғыстауым, май қолтық бесік едің,
Бауырыңды жатыр-ау тесіп елім.
Тіршіліктің мәйегі мұнай болды,
Мұнай болды үлкені несібенің.
Кәрі Каспий айдынын шолпылдатып,
Шақырады ашуын толқындатып.
Толқының не, тәйірі, мұнай керек,
Көк теңізден сормақпыз солқылдатып.
Қабырғаны қирата қаусырғандай
Мына заман ауру ма, аусыл қандай?
Көк теңізге салдық па көк бұрғыны,
Қара жердің мұнайы таусылғандай.
Жанайқайға жұрт көңіл бөлер ме екен?
(Дән алмаймын ғылымда, өнер де кем)
Қайраңыңа, қарт Каспий, қол салайын...
Зорлығыма табиғат көнер ме екен?!
Пайда себеп бұл жұрттың бірлігіне,
Тұнығыңа көк сүңгі кірді міне.
Зәре иманым ұшады көк теңіздің,
Келмесін деп бір кесел тірлігіне.
Көрсек көңіл көншіп бір мәз болғандай
Айдын едің аққу мен қаз қонғандай.
Саған тағы зауалдың бұлты үйрілді,
Қасіретті Аралдың аз болғандай.