09.08.2022
350
АҚЫН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
(Ілияс Жансүгіровке)
Көңілімнен өлең шығар ырғалып,
Жыр жазудан жүрген жоқпын құр қалып.
Ауылыңа бара жатып рухыңмен,
Сырласпасам болғаным да бір ғаріп.
Сөзің еді бейне мірдің оғындай,
Өлеңдерің сексеуілдің шоғындай.
Ерте есейген ақын едің тарланым,
Қадіріңді білдік, әттең, жоғыңдай!
Абайдан соң биік тұрған сатыда,
Өлеңімен мәңгі өшпейді аты да.
Бауырыңды Құлагерше кең жайып,
Құлагерше опат болдың қапыда.
Паң даладан отырғаным сыр аулап,
Сені туған Ақсуыңда тұр-ау бақ.
Риза боп, әруағың да бүгінде,
Орынынан жатқан шығар бір аунап.