Шамам келмей ойнауға да, күлуге...
Шамам келмей ойнауға да, күлуге,
Қиын екен саяқ өмір сүру де.
Қаламаймын жалғыздықты жалғанда,
Ұнамайды көппен бірге жүру де.
Құр қиял мен тек сүлдем бар жүдеулі,
Ойым ойран, қолым қысқа күрмеулі.
Көп алдында тымырайып отырам,
Жалғыз қалсам қатты іздеймін біреуді.
Сырымды айтып, жарылғым кеп ағымнан,
Егілемін елес іздеп сағымнан.
Күбірлесем кейде отырып бірақ та,
Таба алмайтын тірі пенде жанымнан.
Шығара алмай көкірегімнен асқақ ән,
Жаным жүдеп жаутаңдаймын, жасқанам.
Қосымда жоқ, досым да жоқ маңымда,
Көмек күтем кейде мүлде басқадан.
Бұл дүние шыныменен сағым ә?...
Ырқыңа бермейді екен бағына.
Жақсылықты көрмей мүлде, кейде мен,
Жамандықты жақын тұтам жаныма.
Өтіп жатыр, мезгіл ағып, жүріп күн,
Сезімдерім ереңінде құдықтың.
Жалғыздыққа бірте-бірте үйрене,
Сағыныштың не екенін ұмыттым.
Қайғы, мұңды шығарғым кеп көңілден,
Жырақ кеттім ата қоныс елімнен.
Емдей алмай әлек болып жатырмын,
Жүрегімді жұрдай болған сенімнен.
Күн кешемін мен осылдай бұйығы,
Қорғасын ой кеміреді қиыны.
Иіріміне тартып алды мені де,
Бұл өмірдің ұйтқи соққан құйыны.