09.08.2022
  222


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

ҚАҢҒЫБАС ИТТІҢ МОНОЛОГЫ

Шошақайдың етегіндей тым қысқа,
Аз-ақ екен көрер көзге жарығым.
Күндіз көше жүріп едім, түн тыста,
Қаңғыбастық ғұмыр берді Тәңірім.
Жақсы жайда жата алмадым жан бағып,
Адамдардан жылы шырай көрмедім.
Азығы бар алақанға алданып,
Көше кезу болды менің ермегім.
Қаңғыбасты шетке ысырар қаймықпай,
Адам құрған қоғам қандай қатал-ақ,
...Ата салды мынау біздің жайды ұқпай,
Ит-ғұмырды қимағаны батады-ақ,
Ақ жолына тұрдым кімнің көлденең,
Қоқысын да қия алмаған қоғам-ай.
Өмірім-ай мейрімге шөлдеген,
Тым қатыгез һәм қанішер адам-ай...
Ит-бақыт та бұйырады қандайға,
Бұйырмаса көкіректен шер кетпес.
Жақсы ит болу жазылмады маңдайға,
Өлімтігін ел көзіне көрсетпес.
Жазығы жоқ жан кесіліп жазаға,
Адам сыйлар ажал болды үлесім.
Білем, ешкім қиналмайды қазама,
Тағдыр өстіп тастағасын күресін.
Даттар едім адамдарды кем көрер,
Қаңғыбас ит болу, сірә, қиын сын.
Ит-тірлікті қия алмаған пенделер,
Сіздерге енді көше кезіп қаңғырмас,
Адамдық бақ бұйырсын.





Пікір жазу