09.08.2022
114
Соқыр шамның сәулесі әлі өшкен жоқ...
Соқыр шамның сәулесі әлі өшкен жоқ.
Мен отырмын әсер алып кештен көп.
Мынау ауыл ұйқтап қалған, тып-тыныш...
Ал көңілім тырналардай көшкен кеп.
Ұйқысызбын, жатырмын жыр күзетіп.
Қате кеткен ойларымды түзетіп.
Тағдыр қыстың талқысында отырмын,
Етімнен жел, сүйегімнен сыз өтіп.
Алаң көңіл – жетім бота көшке ерген.
Бір кең тыныс іздейді кеп кештерден
Бота-көңіл аңырап бір боздайды,
Аруана-жыр келердей боп төсте өрген.
Мен осылай жыр аңсаймын түндерден
Шумақтар бар жүрегімде күнде өлген
Мені әйтеуір ұйқтатпайды бәрібір,
Шабыт деген сар садақты сұрмерген.